Мемлекеттік сатып алуды жетілдіру керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекеттік сатып алуды жетілдіру керек

03.10.2018

Мектеп, аурухана және әскери бөлімдердің тамағы сапасыз, ал мемлекеттік сатып алуда шешілмеген мәселе шаш етектен. Сондықтан да заңнамаға өзгеріс енгізу қажет. Депутаттар мемлекеттік сатып алу жəне квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы құжатты бірінші оқылымда  мақұлдады. Тендерде бармақ басты, көз қысты фактілері де көп.

Арзан баға, сапасыз тағам. Бұл демпингтің жемісі. Яғни, өз тауарларын ішкі бағадан төмен бағамен сату. Қазіргі таңда мектептер мен ауруханалардың асханаларында осындай жағдай. Мәжілістің жалпы отырысында палата спикері Нұрлан Нығматулин аталған әлеуметтік нысандарды тамақпен қамтамасыз етуде алдымен сапаға, одан кейін, бағаға назар аудару керек,- деді. Бұл әскерилерге де қатысты.

Тарыдай күмән, таудай күдік. Тендердің талай кәсіпкерді тентіретіп жіберетіні жасырын емес. Бұл біреулер үшін таптырмайтын несібе болса, енді бірі үшін оңай олжа. Мемлекеттік сатып алу саласында жең ұшынан жалғасқан жемқорлық бар. Тек биылғы сегіз айда саладағы қылмыстық құқық бұзушылық 2017 жылғы көрсеткіштерден екі есеге асып түсті. Егер 2017 жылы 42 жағдай тіркелсе, ал биылғы 8 айда 74-ке жетті. Былтыр  61 адам жазасын алса,  биыл 267 адам жазаланды.

Жаңа құжатқа сәйкес көрсетілетін қызметтің демпинг үшін нақты шектен төмен баға беруге тыйым салынады. Тауар тізбесі ережеде бекітіледі. Тапсырыс берушілерге баға ұсыныстарымен сатып алу кезінде тауарлардың фирмалық атауларын көрсетуге құқық беріледі.

Бұл сапалы тауарларды сатып алуға ықпал етеді. Электрондық қалта ұғымы енгізіледі. Бұл әлеуетті өнім берушінің шотына конкурстық өтінішті қамтамасыз ететін ақшаны автоматты түрде қайтаруға мүмкіндік береді. Құжаттың жетілдірілмеген тұстарын екінші оқылымға дейін талдап, талқылап, депутаттар Үкіметпен бірге өз ұсыныстарын енгізеді.

Өйткені, Елбасының тапсырмасына сәйкес, әрбір заң сапалы болуы тиіс, ал бұл құжат бұл саладағы барлық олқылықтарды жояды.

Индира БЕГАЙДАР

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу