Атырауда инклюзивті сынып ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда инклюзивті сынып ашылды

03.10.2018

Атырауда білім берудің инклюзивті түрін дамыту қолға алынды. Осыған орай, қаладағы  мектептердің бірінде арнайы сынып ашылды. Қанат қақты бастаманың нәтижесі жаман емес. Бірақ, өңірде ерекше балалармен жұмыс істейтін тьютор маман тапшы. Жеткілікті түрде сынып та қарастырылмаған.

Гүлназ Серікқызының  бұл мамандықты игеріп, еңбек етіп жүргеніне  көп бола қойған жоқ. Десе де ол өзіне артылған жүктің ауыр екенін түсінеді. Негізгі міндет- ерекше балалардың тілін табу. «Инклюзивті білім беру- аутизмі бар оқушыларды  қоғамға бейімдеуде таптырмас әдіс»,- дейді ол.

Гүлназ Серікқызы, тьютор, психолог:

-Сабаққа қызығушылығына қарай, 15-20 минут осы ресурсты сыныпта айналысамыз. Олар басында келгенде тұйықтау болды. Балалармен араласып, білмейтін заттарын үйретіп, айыра алатындай шамаға жетеді.

Әзірге аймақта мұндай жалғыз  сынып бар.  Психикалық және сөйлеу қабілеті тежелген 8 оқушы білім ала алады. Баланы жан-жақты дамытуда  шағын орталықтың пайдасы орасан  екенін айтады. 

Арайлым Нұғманова, ата-ана:

-Балаларымыздың жүріс-әрекеттерінде, өзгерістер, нәтижелер бар екенін байқап отырмыз. Басталғанына бір ай болған жоқ, бірақ нәтижесін көріп жатырмыз.

Облыс бойынша  денсаулығында кінәраты бар балалармен жұмыс істейтін 138 педагог бар. Бірақ, нақ осы саланы меңгерген тьютор маман жеткіліксіз. 

Алмабек Абдолов, Атырау қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

-Болашақта Білім және ғылым министрлігінде заң қабылданып жатыр. Егер заң қабылданып, жаңа оқу жылында ұсыныс беретін болсақ, келесі жылы біз көптеген тьюторларды алатын боламыз.

Елімізде инклюзивті білім алатын 148 мың бала бар. Олардың 751-і Атырауда тұрады.  Оларға  өзге оқушылармен бір сыныпта білім алу қиындық тудырады. Сондықтан, жаңа оқу жылында арнайы жасақталған 10 сынып ашу көзделіп отыр.  

Жандос ТЕМІРҒАЛИЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу