Ақтөбеде жақында ғана күрделі жөндеуден өткен көшелер сын көтермейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде жақында ғана күрделі жөндеуден өткен көшелер сын көтермейді

02.10.2018

Бұрындары «жол жөнделмейді» деген көп айтылушы еді, қазір сол жөнделген жолдардың өзіне айтылатын арыз-шағым аз емес. Мәселен, Ақтөбеде жуырда ғана күрделі жөндеуден өткізілген жолдардың сапасы сын көтермейді. Енінің тарлығы соншалық, екі көлік қатар өте алмайды екен. Ал, тағы бірнеше көше жартылай ғана жөнделіп, қаржы жетпей, келесі жылға қалып қойған. Бұл - жай тұрғындардың айтқаны емес, сол жолдың сапасын тексерген комиссияның қорытындысы.

Мәскеу шағын ауданындағы Красин көшесі былтыр ғана бастан-аяқ жөнделген. Ол үшін қазынадан 38 млн. теңге жұмсалды.  «Алайда, жол тар, жаяу жүргіншілер мүлдем ескерілмеген», -дейді тұрғындар.

Әлімжан Бекет, қала тұрғыны:

- Мына жақтарының бәрінде коммуникация, столбалардың бәрін кейін тарту керек. Су құбыры әуелде есептелмеген бе, білмеймін. Екі машина қатар жүруге мүмкіндік жоқ.

Талғат Хамитов, қалалық Мәслихаттың депутаты, комиссия төрағасы:

- Красин көшесінің жағдайын өздеріңіз де көріп тұрсыздар. Айтарға сөз жоқ. Ені небәрі 2 метр. Екі көлік қатар өте алмайды. Жол жиегі абаттандырылмаған. Ал, Зоя Космедемьянская көшесінде жаяу адамдарға арналған белгі тұр, ал, арнайы жолақ сызылмаған.

Жолдың шала-шарпы жөнделгенімен қоймай, көше бойы қоқысқа толып, тұрғындар үшін бұрынғыдан бетер қолайсыздық тудырып  отыр.

Көшеге асфальт жамылғысы төселгенмен, шешімін күткен мәселе көп. Мінекей, жол жиегінде тұрмыстық қалдықтар тау болып үйіліп жатыр. Ал, кәріз құдығының бетін көліктер сындырып кете бергендіктен тұрғындар мынадай тастармен қоршап қойған.

Жол құрылысына жауапты мамандардың бұған қатысты өз уәжі бар. Айтуларынша, көше әу бастан тар болғандықтан, жолды кеңейту мүмкін болмаған. Нысан мемлекеттік сараптамадан кедергісіз өткен.

Руслан Төреғали, қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Бұл күрделі жөндеу болған соң, яғни, бұрынғы кезде жол қандай болды, сол бойынша жөндеу жұмыстарын жасаған болатын. Бұл орталық көше емес. Қоғамдық көлік жүретін көше емес. Оған кәдімгідей халықты қозғап, үйлерді бұздыртып, толық 2 жолақ салатындай талапқа сәйкес келмейді.

Жалпы, биыл қала бойынша 21 шақырым жол жөнделген. Алайда, бірқатар көше қаржы жетпей, жұмысы келер жылға қалды. 

 

Жақсыбек КЕМАЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу