Мәжілісте жұмыспен қамтуға қатысты Парламенттік тыңдау өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәжілісте жұмыспен қамтуға қатысты Парламенттік тыңдау өтті

28.09.2018

Еңбекпен қамту саласында жетістіктермен қатар, кемшіліктер де бар. Бүгінде білім беру мекемелерінде мамандарды даярлау нарық талаптарына сай емес. Мәжілістегі жұмыспен қамту тақырыбына арналған парламенттік тыңдауда бірқатар мәселе көтерілді. Әр екі жыл сайын бағдарлама қабыланғанмен, оны орындауда олқылық көп. «Кадрларға деген қажеттілік мониторингінің тиімді жүйесін құру қажет», - дейді депутаттар. 

Халқының бары мен жоғын түгендеп, ертеңінің іргетасын бекітіп жүрген Президент Тәуелсіздік алғалы бері жұмыспен қамту мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Кәсіпорындар ашылды, өндіріс орындары көбейді. Адам игілігі үшін атқарылып жатқан сан салалы әрекет. Осы уақыттың ішінде екі миллионнан астам жаңа жұмыс орны құрылып, орташа жалақы 17 есеге дейін өсті. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, Елбасы саясатының елімізде еркін экономика құрылып, ол барлық салаға оң серпін берді.

2011-2016-да жұмыспен қамтудың жол картасы аясында 800 мыңнан астам адам екі қолға бір күрек тапты. Ал, 2016 жылы «Халықты жұмыспен қамту туралы» жаңа Заң қабылданды. Ол еңбек көрсеткіштерін халықаралық стандарттарға сәйкес жасауға жол ашты. «Биылғы жылы Парламент «Жұмыспен қамту және көші-қон мәселелері бойынша» заңнамалық құжатын да қабылдады.

Хулио Ревийя, Дүниежүзі банкінің жетекші маманы:

- Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың саны 10 жылда 33-тен 26 пайызға дейін төмендеді. Экономикасы дамыған Оңтүстік Кореядан да төмен. Бұл жақсы көрсеткіш.

10 жылда жұмыспен қамтуға бағытталған 5 бағдарлама қабылданыпты. Оған қазынадан 850 млрд. теңге бағытталған. Бағдарламалардың өңірлерде орындалуы көңіл көніштпейді.

Бақытгүл Хаменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- 2-3 мың тұрғыны бар шағын ауылдарға 500 кондитер мен 300 аспазшы не үшін керек?

Елімізде 7 миллионға жуық жұмыскердің жоғары және орта кәсіптік білімі бар. Ол жұмыспен қамтылған барлық азаматтардың 79 пайызы. Заңгер, экономист мамандықтары сәнге айналды. Ал, қоғамға ауыл шаруашылығы, техникалық және ІТ мамандар қажет.

Дамир Шыныбеков, Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің ректоры:

- Жыл сайын 400-500 адам дайындап шығарамыз. 7 пайыз. Ол Қазақстан бойынша жетпейді.

Қазақстанда 824 колледж, 130 жоғары ору орны бар. Білім беру мекемелерінде мамандарды даярлау нарық талаптарына сай емес. Кадрларға деген сұранысқа байланысты терең талдау жасалмайды. Оқытылған 81 мың адамның тек 3,1-і жұмысқа орналасқан. 5,5 млрд. теңге далаға кетті. Әкімдер статистиканы қолдан жасап алады, 16 мың адам жұмыспен орналасты деп қағаз бетінде көрсеткен. Таң қал, таңдай қақ, бүгінгі күннің шындығы. Мәселен, Алматы облысы, Балқаш ауданында қажетсіз мамандықтарға 250 адам оқытылып, оның үшеуі ғана жұмысқа орналасыпты. Моноқалаларда жұмыспен қамту мәселесі өзекті.

Альберт Рау, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Моноқалаларды дамыту үшін арнайы бағдарлама әзірленгенін білеміз. Ол жол жөндеу сияқты мәселелерді шешкен. Басты проблема шешілмеген. Осы қалаларда баламалы жұмыс орындарын ашу бағдарламада қарастырылған ба?

Ерболат Досаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Мойындауымыз керек, моноқалаларды дамыту бойынша жетістіктер мен кемшіліктер де бар. Әсіресе, жұмысқа орналасу бойынша. Сондықтан да, Үкімет әр моноқала бойынша бағдарламаға өзгеріс енгізіп жатыр.

Экономика салаларындағы еңбек өнімділігін кем дегенде 50%-ке арттыру ендігі меже. Парламенттік тыңдауда депутаттар, мамандар, сарапшылар өз ұсыныстарын дайындады. Ең бастысы, қолда бар ақшаны берекелі жұмсап, қоғамға қажетті маман дайындау. Ол үшін талдаудың сапасын жақсарту қажет.

 

Индира БЕГАЙДАР

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу