«Astana Media Week» қорытындыланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Astana Media Week» қорытындыланды

28.09.2018

Әлеуметтанушылардың 2 күндік конгресі енді басталса, үш күнге созылған «Astana Media Week» бүгін өз жұмысын аяқтады. Үш күнге созылған шарада бұқаралық ақпарат құралдарының, тілшілердің, баспасөз қызметкерлерінің біліктілігі арттырылып, түрлі курстардан өтті. Телеарналар мен жекеменшік ұйымдар арасында байланыс орнатылып, өзара келісімдердің жасалуына мүмкіндік ашылды.

«Astana Media Week» түрлі ақпарат құралдарын бір-бірімен байланыстыратын көпірге айналды. Телеарна мен жеке ұжымдардың тілшілер мен баспасөз хатшыларының бірлесе жұмыс істеуінің жолдары көрсетілді.  

Ержан Нүкежанов, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Ақпарат комитетінің төрағасы:

- Келісімдерге қол қойылды, журналистер өзара пікір алмасты. Ол тек қана бұқаралық саясатты дамыту саласы ғана емес, сонымен қатар, жалпы қоғамдағы өткір мәселелер қозғалды. Біз аймақтардан, аудандардан журналистерді шақырдық. Ол журналистер өздеріне біраз мәселелер түйіндеп кетті.

Кез келген мекеменің халыққа, БАҚ өкілдеріне ашықтығы Мемлекет басшысының тапсырмасы. Бұл ретте баспасөз хатшыларына артылар жүк ауыр. Жыл бойы тынымсыз еңбек етіп, саладағы әр жаңалықты үздіксіз жариялап отырған мамандар бірнеше номинация бойынша марапатталды. Үздіктері ғаламторда дауыс беру нәтижесі арқылы анықталған.

Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ІІД баспасөз хатшысы:

- БАҚ арқылы қоғам, қала тұрғындары, ел тұрғындары болып жатқан оқиғалар жайлы дер кезінде білмесе, қандай да бір теріс ойлар, пікірлер туындауы мүмкін.

БАҚ-тың дамуына кедергі келтіріп отырған, қордаланған мәселелер де көтеріліп, терең талқыға түсті. Мәселен, телеарналардың рейтингін анықтау әлі де ақсап тұр, сапалы жүргізілмейді. Сондай-ақ, өңірлік БАҚ-тың қаржылануында кемшін тұстар жетерлік. Әсіресе, олардың ақпаратпен қамтылуы лайықты деңгейде емес. Бұл мемлекеттік саясатты, экономикалық, мәдени реформаларды дүйім жұртқа жариялауға кедергі келтірері хақ. Көтерілген мәселелер бүгінгі деңгейде қалмай, алдағы уақытта қайта қаралмақ.

 

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу