Алты алашқа ана болған Сыр елінің бас қаласына - 200 жыл. Сырдарияның жағасындағы қасиетті мекеннің тарихы тағлымды. Әсіресе, алғашқы астана болған жылдары Ақмешіт саяси және рухани-мәдени орталық болды. Ел үшін маңызды шешімдер қабылданып, игі бастамалардың қазығы қағылды. Ал, қазір Қызылорда - қанатын кеңге жайған ғажап қала.
1818 жылы Ақмешіт бекінісі болып салынған қаланың екі ғасырлық той таңертеңнен бері тойланып жатыр. Біз «Сыр сүлейлері» аллеясындамыз. Бұл жерде этноауыл бой түзеген, жағалай киіз үйлер тігілген. Әрбір үйдің іші тақырыпқа сай безендірілген. Сондай-ақ, мұнда қымыз-шұбат, қауын-қарбыз, бауырсақ фестивальдері өтіп жатыр. 600 литр қымыз, 600 литр шұбат пен 4 тонна қауын, 4 тонна қарбыз әкелінген. Сыр елінің бренді, дәмі тіл үйірер қауынның сан алуан түрі бар.
Қанағат Бегалиев, Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ҒЗИ бөлім меңгерушісі:
- Бүгінгі күні Қазақ күріш ғылыми зерттеу институты қауындардың жаңа сорттарымен айналысып жатыр. 4-5 сортымыз бар. Сыр елінің мақтанышы осы қауыны емес пе? Осы Сыр қауынының ерекшелігі - оның сақталуы, оның дәмділігі. Мысалы, айтатын болсақ, Либера сорты. Бұл сорт ұзақ сақталады. Сосын бұл өзінің қанттылығымен, өнімділігімен ерекшеленеді. Анемияға ем.
Бұл қауын-қарбыз, бауырсақ пен қымыз-шұбаттың барлығы бүгін халыққа тегін үйлестіріледі. Қала күніне арналған шаралар кешке дейін жалғасады. Сәлден кейін Сырдарияның сол жағалауында бой көтерген жаңа қалада «Рухани жаңғыру» орталығы ғимараты пайдалануға беріледі. Ал, кешке орталық алаңда гала концерт өтеді, от шашу болады деген жоспар бар.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.