Түркістан облысының Мырзашөл аймағында мақта теру науқаны басталды. Алайда ала жаздай тынымсыз еңбек еткен диқандар үшін биылғы күз берекелі болмайтын түрі бар. Өйткені, көктем шаруаға жайсыз болды. Зиянкестер мақталық алқаптың біраз жерін түтіп жеп қойды. Оның үстіне «ақ алтынның» қазіргі бағасы да шаруаның көңілін көншітпей тұр.
Елдің алды болып, мақта теруге кіріскеннің бірі Дәурен Әбдіханұлы. 7 жарым гектар егістік жайқалып тұрғанымен өнімділік жылдағыдан төмен. Былтыр гектарынан 30 центнер өнім алған болса, биыл 25-ке жетпейін деп тұр. Жазда мақтаның құртымен қанша күрескенімен, соңынан әл бермей кетті.
Мақтаның өнімділігін төмендетіп отырған өзге де жайттар жетерлік. Жерасты суының деңгейін төмендетуге арналған дренаждардың көпшілігі істен шыққан. Оның үстіне зиянкестерден сақтанамыз деп көп шаруа егістікті кеш суарды. Тыңайтқышты да соңынан септі. Соның салдарынан мақта жылдағыдан 10-15 күн кейін жетілді.
Ибадулла Үмбетаев, Мақта шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының директоры:
- Мақта көк болып тұр. Оны қазір дефолиациямен ұрып жатырмыз. Ал жоғарыдағы көсек піспеген.
Мақта бағасы әзірге 170 теңгеден әрі аспай тұр. Өйткені, дақыл тұтастай шикізат күйінде сыртқа сатылады. Егер оны тазалап, талшық күйінде пұлдаса шаруаның 35-40 пайыз артық табыс табуына мүмкіндігі бар. Бірақ, ол үшін аймақтағы ұсақ шаруашылықтар топтасып, іріленуі керек.
Жамантай Бейсенбаев, Жетісай ауданының әкімі:
- Міне сол жағдайда ғана біз мақтаны өңдеуге тапсырып нарықтағы бағамен сатуымызға толық мүмкіндік болады. Бұл шарада біз үлкен МТС-тер құрып, солардың жанына шаруаларды шоғырландыру жұмыстары жүріп жатыр.
Жиын-терім науқаны жыл өткен сайын қол күшіне тәуелділіктен арылып келеді. Биылғы жиын-терім 200-дей комбайнмен атқарылмақ. Аудан бойынша орта есеппен 25 центнерден өнім жиып алу межеленіп отыр.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.