Өскеменде «Алтай Invest 2018» форумы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өскеменде «Алтай Invest 2018» форумы өтті

26.09.2018

Бүгін Өскеменде «Алтай Invest 2018» халықаралық форумы өтті. Шараның басты мақсаты – шетелдік инвесторларға Шығыс өңірінің инвестициялық әлеуетін паш ету. 20-ға жуық мемлекеттен келген бизнес өкілдері әуелі аймақтың тауар өндірушілерінің өнімдерімен танысты. Ал, пленарлық отырыста барлығы 110 инвестициялық жоба таныстырылды. Олардың жалпы құны 886 миллиард теңгеден асады.

Форумға қатысушылар алдымен көрмеге қатысып, Шығыста өндірілетін өнімдерді тамашалады. Облыстағы аудан мен қалалар өздерінің жобаларын көрсетіп, оларды бірігіп жүзеге асыруға шақырды. Бұл болашақ инвесторлармен танысып, олармен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік берді.

Мерей Қайырбеков, Тарбағатай аудандық Ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- 2 жоба ұсынып отырмыз. Біреуі, 4 мың басқа мал бордақылау алаңын құру. Екіншісі, бентонит өнімін шығару. Осы форум аясында инвестор таптық. Бұл екі жоба да ауданымыздың экономикалық дамуына үлкен серпін береді, жаңадан жұмыс орындары ашылады.

Форумның пленарлық отырысында аймақ басшысы шетелдік меймандар үшін Шығыстың инвестициялық әлеуетіне тағы бір шолу жасап шықты. Іскер азаматтарға осы өңірге келіп өндіріс, энергетика, ауыл шаруашылығы, туризм және басқа да салада бірігіп жұмыс істеу жөнінде ұсыныс тасталды.

Эндрю Фернихоф, форумға қатысушы:

- Мұндай шара осы өңірмен, жалпы, елмен танысуға мол мүмкіндік береді. Адамдар көзбе-көз сөйлесіп, өзара байланыс орнатады. Қос тарап үшін де бизнесті өркендетуге үлкен потенциал ашылады деп ойлаймын.

Жиын барысында жалпы сомасы 295 миллиард теңге болатын келісім мен меморандумдарға қол қойылды. Түстен кейін роуд-шоу ұйымдастырылып, іскер топ өкілдері өзара тәжірибе алмасуға, жүзеге асатын жобаларының тетіктерін егжей-тегжейлі талқылауға тағы бір  мүмкіндік алды.

 

Берік КӨШЕРБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу