Келер жылдың қаңтарынан бастап жалақы төлеудің жаңа жүйесі бойынша бонустар беріле бастайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Келер жылдың қаңтарынан бастап жалақы төлеудің жаңа жүйесі бойынша бонустар беріле бастайды

25.09.2018

Ол қаржыға қол жеткізген мемлекеттік қызметкерде су жаңа көлік немесе алатын үйінің алғашқы жарнасын төлеп тастау мүмкіндігі болады. Бұл үшін ант қабылдаған әр азамат, міндетін мінсіз орындауы керек. Бүгін Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі жалақы бойынша жаңа жүйенің 8 айдағы нәтижесін жариялады.

Келер жылдан бастап жаппай енгізілетін жалақы төлеудің жаңа жүйесі, әзірге Әділет министрлігі, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Маңғыстау облысы және Астана қаласы әкімдігінде ілкі жоба ретінде жүзеге асуда. 8 ай ішінде аталған мекемелерде еңбек өнімділігі еселеп артқан. Оған жалақы тағайындаудағы теңсіздіктің жойылып, жұмыстың күрделілігі мен оны орындаудағы қызметкер білімінің ескерілуі себеп. Осының есебінен, азаматтарымыз тарапынан мемлекеттік қызметке деген құрмет, құлшыныс артып келеді.

Роман Ким, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Астана қалалық департаменті директорының орынбасары:

- Қатардағы қызметкердің жалақыдағы айырмасы 70 пайыздан 10 пайызға дейін қысқартылды. Мысалы, әкімдіктің бас маманы бұрынғыдай 115 мың емес, министрліктердегі бас сарапшымен бірдей, шамамен 210 мыңдай алады. Өйткені, екеуінің атқаратын жұмысы бірдей. Мұндай теңдік Астана әкімдігіндегі кадрлардың кетуін 2 есеге қысқартып,бос орындарға деген конкурстың 7 есеге өсуіне себеп болды.

Жаңа жылдан бастап жүйедегі қызметкерлер 6-дан 12 айлық көлеміндегі бонустарын ала бастайды. Егер айына 200 мың жалақы алатын мемлекеттік қызметші бір жылдағы міндетін мінсіз орындаса, шамамен 2 млн. 400 мың теңгеге қол жеткізеді. Мұны алу үшін біреуді біреу міндеттемейді. Әркім өзі үшін еңбектенеді. «Жүйенің артықшылығы осында», – дейді мамандар.

Жазира Жылқышиева,  ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Астана қалалық департаментінің директоры:

- Бұрын барлығына бірдей айлық төленетін. Жұмыс істесе де, істемесе де. Бір-бірімен ешқандай бәсекелестік болмайтын. Бізде мемлекеттік органның жұмысын ашып көрсете алмайтынбыз. Бұл жүйе бірінші кезекте мемлекеттік қызметшінің жауапкершілігін арттырды.

Дегенмен, жауапты орган жүргізген сауалнама нәтижесі ойдағыдай деп айту қиын. Респонденттердің 46 пайызы жалақысын жетерлік десе, 49 пайызы сыйақының болмауы мен қызмет өтілінің дұрыс есептелмегеніне наразы. Ал мемлекеттік қызметкерлердің 5 пайызы жауап беруден бас тартқан. Демек, жалақы төлеудің жаңа жүйесі әлі де жетілдіруді талап етеді.

Досымжан ЕРМҰРАТ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу