Қостанай облысындағы Қазанбасы ауылының тұрғындары ауызсудан таршылық көріп отыр. Тұрғындар таза суды 3 шақырым қашықтағы көршілес теміржол бекетінен тасып ішеді. Бірақ, бұған бәрінің бірдей шамасы жете бермейді. Әсіресе, күш-қуаты қайтқан егде кісілер көшедегі құдықтан сапасыз суды тұтынуға мәжбүр. 3 шақырым жерден елді мекенге құбыр тартуға не кедергі?
Зүлфия Топаеваның үйінде төрт адам тұрады. Титықтап жүріп тасып әкелген 40 литр су бір тәулікке ғана жетеді. Келесі күні арбасын сүйреп тағы жолға шығады. Жыл он екі ай қайталанатын тірлігі осы.
Зүлфия Топаева, Қазанбасы аулының тұрғыны:
- Қыста қиын. Мен өзім жаспын. Ал, үлкен адамдар көшенің анау шетінен қыста омбы қар кешіп, құлап-сүрініп келе жатқанда жаның ашиды. Көктемде екі ортаны су басады. Не шана, не арба өте алмайды.
Ауылдағы әрбір үйдің ауласында құдық бар. Бірақ, «оның суы сапасыз», - дейді тұрғындар. Сондықтан, тек бау-бақша суару мен техникалық мақсатқа ғана пайдаланады. Теміржол бекетіне бару мүмкін болмағанда амал жоқ, ішуге тура келеді.
Мырзағазы Бірахметов, Қазанбасы аулының тұрғыны:
- Асқазанға жақпайды ол су. Құрамы дұрыс болмаған соң ағзаға жақпайтыны белгілі ғой. Өйткені, құдықтан суды алғасын шелекке тұндырғанда түбіне ұсақ құм жиналып қалады.
Әулиекөл ауданына қарайтын Қазанбасы ауылдық округінің құрамына 5 елді мекен кіреді. Жалпы, халық саны мың жарымнан сәл асады. Ауыл әкімі «тұрғындары аз болғандықтан мұнда мемлекеттік бағдарлама бойынша ауызсу тартуға қаржы бөлінбейді», - дейді. Алайда, осында туып-өскен қалталы азаматтар көмек қолын созуға уәде етіпті.
Тұрғынбек Әбдібеков, Қазанбасы ауылдық округінің әкімі:
- Осы ауылдың тумасы Айтмағанбет Қабасов өз күшімен, мемлекеттік бағдарлама аясында «Туған жерге туыңды тік» деп, су өткізіп беремін деп жоспарлап отыр. Соны күтудеміз. Қоңырау шалып, сөйлесіп тұрамыз. Айтқанын істейміз деп отыр ол кісі.
Әкімнің айтуынша жоба құны 30 млн. теңге. Құрылыстың барлық құжаттары дайын. Тұрғындар құбыр тарту бастапқыда сәуір айына жоспарланған дейді. Енді міне, қыркүйек те таусылуға таяу.
Қалай дегенмен, үш шақырым жерден су тасу да, төрт метр тереңдіктен қауға тарту да 21 ғасырға жарасатын тірлік емес. Оның сыртында құдықтан алған судың ішуге жарамдылығы да күмәнді. Алайда, қазанбасылықтардың әзірге осындай тұрмысқа көндіге тұруларына тура келеді.
Дәуренбек ӘБДІБЕК
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.