Көкшетауда жатақхана жетпеген студенттерге қонақ үйден орын беріледі

24.09.2018

Оқу жылы басталғалы 3 апта өтсе де, студенттерді жатақханамен қамту мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Көкшетаудағы жастар жатақханада орын жетпеген соң, пәтер жалдауға мәжбүр. Алыстан қатынап оқып жүргендер де бар екен. Қаладағы оқу орындарындағы жағдай бірдей деуге болады. 

Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті Ақмола облысындағы ең ірі жоғары оқу орны. Күндізгі бөлімде 4 мыңнан астам студент білім алады. Ал, 5 жатақханадағы орын саны - 1335. Сондықтан, жастарға баспана тапшы. Жатақханадан орын жетпей қалғандардың бірі -  Нұртілек. Ол үшінші курста оқиды.

Нұртілек Аманжол, студент:

- Көкшетау қаласынан 40 шақырым жерде Зеренді ауданына қарасты ауылда тұрамын. Ауылдан күнде келіп-кету қиын. Жатақханаға кезекке қыркүйектің басында тұрдық. Ал, пәтер жалдау қиын әрі қымбат. Сосын қыркүйектің басында кезекке тұрдық. 2 аптадай өтті аламыз деген үміттеміз.

Алайда, қазір жатақханада орын жоқ. Нұртілек секілді 300-ге жуық студент кезекте тұр. Университет басшылығы мәселені шешу үшін жастарға қонақ үйден орын ұсынбақ.

Аманай Сейітқасымов, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің проректоры:

- Қазіргі уақытта «Көкшетау» қонақ үйін жалға алу туралы алдын ала келісім жүргізіп жатырмыз. Олар енді бізге 100 орындық 2 қабатты ұсынып отыр. Заң бойынша енді біз бұл қонақ үйді жалға алу үшін, яғни, конкурс жариялап, содан кейін оның нәтижесін күту керек. Заң бойынша ол уақыт алады.

Қонақ үйдегі орынға айына 30 мың теңге төлеу керек. Оның жартысын университет, ал, қалған 15 мыңын студент өз қалтасынан шығаруы тиіс. Ал, жатақханада тұратындар 10 айда 30 мың теңгеден сәл артық төлейді. Сондықтан, студенттер үшін ең тиімдісі - жатақхана.

Бұл 5 гектарлық аумақ Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетіне тиесілі. Осы жерде 500 орындық жатақхана салу жоспарда бар. Ол үшін жобалық-сметалық құжаттар да әзірленуде. Келесі жылы студенттерге арналған баспана салынуы мүмкін. Алайда, қаржыландыру мәселесі әлі де шешілмепті. Сондықтан, жатақхана жырының қашан аяқталарын дөп басып айту қиын. 

 

Ермек ЕЛБЕРГЕН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу