Туризмі түлеп, түрленген Қапшағай - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Туризмі түлеп, түрленген Қапшағай

20.09.2018

Еліміздегі туризмді дамыту үшін моно қалаларды көбейтіп, табиғаты көркем жерлердің демалыс аймақтарын көркейту қолға алынды. Солардың бірі - Қапшағай. Мұнда суға шомылуға келетін туристердің саны жыл сайын артып келеді. Мәселен, биылғы шомылу маусымына ішкі туризмді қоса есептегенде, 1 млн. адам келген. Бұл қала бюджетінің бүйірін толтыруға сеп болды. Бұдан бөлек, шаһардың туристік тартымдылығын арттыру үшін түрлі мәдени-тарихи шаралар жиі өтеді.

Алматы облысындағы «Көшпенділер» қалашығында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Тарихы терең, киелі мекен Жетісу өңірі» атты фестиваль ұйымдастырылды. Қалалар арасындағы бауырмалдықты арттыруға бағытталған шарада қазақтың салт-дәстүрі, жол-жоралғылар көрсетілді. Шетелдік қонақтар жеріміздегі байырғы қала өркениетімен танысып, таңданыстарын жасармады.

Ахмет Дағдұран, Түркі халықтары мәдени қорының президенті:

- Қапшағай біз үшін өте жақсы қала. Бұрын Түркияда екінші орында болған Бурса қаласымен бауырлас жасадық. Екеуінің арасындағы қатынас өте жақсы жүрді. Бұл жолғы фестиваль  келесі жылы халықаралық мейрам болса деймін. Түркия халықтарынан барлығы келсін, Еуропадан келсін.

Ирина Переверзева, Ресей Федерациясының Алматыдағы Бас консулдығының консулы:

- Бұл керемет жер екен, керемет әсер алдық. Қазақстанның мәдениеті, тұрмыс-тіршілігі, тарихы көз алдымызға келді. Бүгінде Қазақстан-Ресей қарым-қатынасы тығыз. Сондықтан, екі елдің бауырлас қалалары өзара ынтымақты күшейтіп, жақсы дәстүр қалыптастыруда. Мен адамдар бір-бірінің мәдениетін танып, достасу арқылы бейбітшілікке, өркендеуге қол жеткізеді деп ойлаймын.

Биыл Қапшағай қаласының құрылғанына 48 жыл. Бүгінде моно шаһар барынша түрленіп, түлеп келеді. Мұнда келетін туристердің легі бір азайған емес. Себебі, демалушыларға жағдай жасау үшін қызмет көрсету сапасы артқан.

Талғат Қанатұлы, Қапшағай қаласының әкімі:

- Жалпы, қаламызды алатын болсақ, 4 бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Біріншісі, өнеркәсіп саласы мен ауыл шаруашылық саласы. Екіншісі, шағын және орта бизнес пен туризм. Үшіншісі, қаламыздағы инфрақұрылымдар. Төртіншісі, әлеуметтік сфера. Жалпы, соңғы 8 айды алсақ, экономикалық әлеуметтік дамуымыз оңды.

Жалпы, Қапшағай қаласының маңында жылдың төрт мезгілінде де туризмді дамытуға мүмкіндік мол. Мысалы, Қапшағай таңбалы тастарын көруге келетін зерттеушілер мен саяхатшылардың қысы-жазы қарасы үзілмейді. Сондықтан, қала әкімдігі болашақта осы аумақтағы тарихи орындарға баратын инфрақұрылымды дамытуды қолға алмақшы.

 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу