Алматы облысында 10 мың га жер мемлекетке қайтарылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында 10 мың га жер мемлекетке қайтарылды

19.09.2018

Алматы облысында жер мәселесіне қатысты заңбұзушылықтар азаяр емес. Биыл құзырлы органдар заңсыз берілген 10 мың гектардан астам жер телімін мемлекетке қайтарды. 53 тұлғаны түрлі жауапкершілікке тартты. Құзырлы органдар көп жағдайда жердің пайдалану мақсатын өзгертіп тұрғын үй салуға беріп жіберген. 

Жергілікті атқарушы билік Талдықорған орман шаруашылығы қорынан 12 жер учаскесін жеке тұрғын үй салуға беріп жіберген. Бұл жағдайды орманшылар шаруашылық аумағына құрылыс материалдарын жеткізген кезде ғана бірақ білген.

Азамат Досымбеков, «Талдықорған орман қорғау» КММ инженері:

- Біздің сыртымыздан қалалық жер қатынастар бөлімі 12 жер учаскі телімін таратып жіберіп, құрылыс салу барысында біздің орманшылар анықтап, жұмыстарын тоқтатып, қазіргі таңда құзырлы органдарға құжаттары өткізіліп, сот шешімін тосудамыз.

Дәл осындай жағдай Талғар ауданында да тіркелді. Бұл жолы республикалық жерсіндіру-карантиндік көшеттігінің жері талан-таражға түскен.

Данияр Мухияев, Алматы облысы прокурорының аға көмекшісі:

- 0,4 гектарға бөліп, 5 учаскені жеке тұрғын үй салуға таратып жіберген. Аталған фактілер бойынша тергеп-тексеру амалдары басталды. Қазір жүріп жатыр және мемлекеттік меншікке сол жер учаскелерін қайтаруға жұмыстар жүргізілуде.

Жер телімдері өз алдына, құзырлы орган жердің астындағы қазба байлықтарға заңсыз қол сұққандардың жолын кесуде. Мемлекеттік органдар  бірнеше жыл жүріп 50-ге жуық заң бұзу фактілерін анықтаса, прокуратура бар-жоғы екі аптада  20-дан астам заңсыздықтың бетін ашты. 

Нұрбосын Мақашев, облыстық прокуратураның аға прокуроры:

- Қаратал өзенінде оннан астам заңсыз құм алу деректері әшкереленді. Құқық бұзушыларға қарсы әкімшілік сипаттағы шаралар қолданылды. Өндірістік масштабтағы жер қойнауын заңсыз пайдалану деректері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулер басталды.

Облыс прокурорлары биылғы жылдың тек алты айында әр түрлі бағыттағы 10 мың гектардан астам жер телімін мемлекетке қайтарды. Бұл бағыттағы тексеру және тергеу жұмыстары әлі де жалғасуда.

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу