Астанада жылыту маусымына дайындық жоспардағыдай - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада жылыту маусымына дайындық жоспардағыдай

19.09.2018

Ал, Астана жалпы алғанда жылу беру маусымына дайын көрінеді. Тек  дайындық кестесін 21 үй бұзып отыр екен. Олардың біреуі күтімсіз қалған баспана болса, бесеуі проблемалы жатақхана. Дегенмен, жылу беру мерзімі басталғанға дейін бұл мәселе шешімін табады деп отыр. Бас қаланың әр ауданы тұрғын үйлердің дайындығын жіті қадағалап отыр. Қыс кезінде болып жататын апаттардың алдын алу үшін құбырлар жаңартылып жатыр.

Астанадағы әлеуметтік нысандарға жылу беріле бастады. Балабақша, мектеп, ауруханалар кесте бойынша кезек-кезекпен іске қосылып жатыр. Ал тұрғын үйлерге жылу ауа райына байланысты беріледі. +10 градус 5 күн бойы сақталса әкімнің арнайы қаулысы шығады. Синоптиктер Астанада ауа райы қазанның ортасына дейін жылы болады деп болжам жасап отыр. Демек, жылу да 1 айдың көлемінде беріледі. 

 Ерлан Қаналимов, Байқоңыр ауданының әкімі:

- Жалпы, халыққа жылыту маусымы тезірек басталған жақсы. Бірақ, кейбір кезде болады да ерте қоссақ жылыту созылады. 120 күннен асып кетеді. Артық шығын халыққа да, кәсіп орындарға да.

Байқоңыр ауданында 439 үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Биыл олардың жартысынан астамында тозығы жеткен құбырлар ауыстырылып, жаңа жүйе іске қосылды. Жаңа ауданның маусымға дайындығы алдағы 1 аптада толығымен аяқталады.

 Бақытай Ауғанбаева, «Тараз» пәтер иелері кооперативінің төрайымы:

- Жылу маусымына дайындық тізбе бойынша дайындаламыз. Менде 10 үй бар. Әр үйдің күнтізбесі болады. Сол аптаның ішінде үйді дайындаймыз.

Қаланың жылыту маусымына дайындығын қадағалайтын арнайы штаб та құрылған. Апта сайын әр аудан есеп беріп, атқарылған жұмысты баяндайды. Қазір күтімсіз қалған үйлердің мәселесі қарастырылып жатыр. «Қала тұрғындарына алаңдаудың еш қажеті жоқ», - дейді әкімдіктегілер. 

Бақытжан ОМАР

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу