Кәсіпкерлердің құқықтары шектелген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кәсіпкерлердің құқықтары шектелген

19.09.2018

Ақмолалық кәсіпкер Мемлекеттік кірістер департаментінің қысымынан кейін бизнесін басқа облыста жалғастырғанды жөн көрді. Бұл туралы ол кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің отырысында айтты. Ет өнімдерін шығаратын кәсіпорынды Мемлекеттік кірістер департаменті тексеріп, бірқатар келісімшарт  іс жүзінде орындалмаған деп қорытынды шығарған. Нәтижесінде 48 миллион теңге салық төлеу керектігін анықтапты. Алайда, бұл шешіммен кәсіпкер келіспейді.

«Істе мемлекеттік орган тарапынан заңбұзушылықтар көп», - дейді серіктестік басшылығы. Кеңес мүшелері де Мемлекеттік кірістер департаментінің іс-әрекетін теріс деп таныды. Отырыста, сондай-ақ, мүлікке шектеу қою мәселесі қаралды. Көкшетаудағы серіктестіктердің біріне салық төлемегені үшін барлық мүлкіне шектеу қойылған. «Ал заң бойынша тек салық сомасын құрайтын мүлікке шектеу қойылуы тиіс», - дейді мамандар. 

Валентина Геращенко, облыстық кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің төрайымы:

- Мемлекеттік кірістер департаментіне қатысты сұрақтар жүйелі түрде көтеріліп жүр. «Стерх» серіктестігі сомасы үлкен кәсіпорындардың бірі. Сондықтан, кеңес отырысына шығардық. Осындай өзге де кәсіпкерлер баршылық. Біз прокуратураға мемлекеттік органның іс-әрекеті қаншалықты заңды екендігін тексеру керек деп ойлаймыз. Сондықтан, арнайы ұсыным жібереміз. 

Ермек ЕЛБЕРГЕН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу