Табиғи газбен жүретін халықаралық автокеруен Қазақстанға жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Табиғи газбен жүретін халықаралық автокеруен Қазақстанға жетті

17.09.2018

Қытай, Қазақстан, Ресей арқылы 10 мың шақырымға жуық жол жүретін шеру көгілдір отынмен қозғалатын техникалардың ең ұзақ шеруі. Шараның басты ұйымдастырушылары - үш елдің ең ірі энергетикалық компаниялары. Ал, автошерудің қазақстандық бөлігінде көліктерге газ құюды «ҚазТрансГаз» компаниясы қамтамасыз етеді.

«Ұлы дала қуаты» деп аталатын халықаралық автошеруді қазақстандықтар «Қорғас» шекара бекетінде күтіп алды. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі арқылы жүретін керуен Қытай аумағында 3 мың шақырым жол жүрген.

Ли Вэй, «Куньлунь энерджи» компаниясы басшысының орынбасары:

-Біз 2008 жылдан бері газбен жүретін көліктерге көңіл бөліп келеміз. Қазір 600 мыңнан астам техника көгілдір отынды пайдаланады. Алдағы уақытта «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» магистральды жолының бойында Қытайдан Қорғасқа дейін 60 газ құю станциясын салуды жоспарлап отырмыз.

Автошеру колоннасы сұйытылған және сығымдалған табиғи газбен жүретін 17 көліктен құралған. Автобус, жүк көлігі мен жеңіл автомобильдердің өз миссиясы бар.

Виталий Косковецкий, «Газпром» ААҚ сыртқы коммуникациялар бөлімінің бастығы:

-Осы шара арқылы әр мемлекет өз аймағында тиімді газ құю инфрақұрылымын дамыту жоспарын айқындайды. Бұдан басқа, автошеру дәстүрлі отын түрлеріне қарағанда мотор отыны ретінде табиғи газды пайдаланудың басымдығын көрсетеді.

Қазір елімізде көлік секторын дизель отынынан табиғи газға ауыстыру мәселесі пысықталуда. 2022 жылға қарай көлік түрлерінің табиғи газды тұтынуын он есеге ұлғайту жоспарланып отыр.

Автокеруен Қазақстан аймағында Алматы, Тараз, Түркістан, Қызылорда, Арал, Ақтөбе  арқылы 3 мың шақырымдай жол жүреді. Ал, 4-ші қазан күні Ресейдің Санкт-Петербург қаласында мәресіне жетеді.

Амангелді СЕЙІТХАН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу