Министр Қалмұханбет Қасымов: Д.Теннің өліміне қатысты іс қыркүйектің соңына дейін сотқа жіберіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Министр Қалмұханбет Қасымов: Д.Теннің өліміне қатысты іс қыркүйектің соңына дейін сотқа жіберіледі

14.09.2018

Денис Теннің өліміне қатысты қылмыстық іс қыркүйектің аяғына дейін сотқа беріледі. Екі айыпталушыға ұрлық, тонау және адам өлімі фактілері бойынша кінә тағылды. Ал, ұсталған үшінші әйел адам құзырлы органдарға хабарлама бермегені үшін заң алдында жауап береді. Бұл туралы Ішкі істер министрі журналистерге берген баспасөз мәслихатында айтты.Қалмұханбет Қасымов соңғы кездері көптің сынына іліккен ведомствоның жұмыстары жайында баяндады.

Көптен күткен кездесу. Журналистерді көрсе сұхбат беруден бас тартып, ат тонын ала қашатын Қалмұханбет Қасымов Орталық коммуникациялар қызметіне өзі келіп брифинг өткізді. Ведомствосы атқарған жұмыстарды баяндап болған соң, министрге сұрақтар қарша жауды. Әдетте 20-30 минуттың төңірегінде өтетін баспасөз мәслихаты бұл жолы 1 сағаттан аса уақытқа созылды. Өйткені, министрді ұстай алмайтын журналистердің көкейіне талай сауал жиналған. Денис Теннің өлімі, еліміздегі қылмыстық ахуал, тәртіп сақшыларының қазіргі келбеті, аса ірі көлемде пара алып ұсталған полицейлер сияқты көкейкесті мәселелерге министр рет ретімен жауап берді.

Қалмұханбет Қасымов, ҚР Ішкі істер министрі:

- Денис Теннің өліміне қатысты ақпаратты мен Ақтауда жүрген кезімде естідім. Біз барлығын бақылауда ұстадық. Түнімен байланыста болдық. Қылмыскерлерді анықтап, оның алғашқысын қолға түсіргенде оқиғаның мән-жайын жобаладық. Екінші қылмыскерді ұстау оңай болмады. Ол әр жерде тығылып жүрді. Құрылымдық күштердің санын арттырып, бір шағын ауданды қоршауға алып, оны қолға түсірдік. Мемлекет басшысына екі рет баяндадық. Біз сол кезде үш түнді ұйқысыз өткіздік.

Денис Теннің оқиғасынан кейін бұқара халық Қалмұханбет Қасымовтың отставкаға кетуін талап етіп, әлеуметтік желіні шулатқаны баршаға мәлім. Полицейлер төңірегінде жағымсыз оқиғалар бірінен соң бірі қайталанды. Қол астындағылардың қателігінен министр қайта-қайта сынға ілікті. Тіпті жақында Үкіметте премьер-министрден бюджет қаржысына қатысты сөз естіп қалды.

Қалмұханбет Қасымов, ҚР Ішкі істер министрі:

- Ол ақша игерілмейді деген сөз ғой. Менің айтқаным, ақшаны жақында алдық. Ол 1-2 айдың ішінде игерілмейді.  Біз әскери адамбыз. Ондай жағдайды үкімет және Президент қалай шешеді ,біз соған көнеміз.

Сондай-ақ, министр Алматыда полицейлерге оқ жаудырып, бүлік шығарған Руслан Күлікбаевтың абақтыда екі рет өз-өзіне қол салуына қатысты жауап берді. Оның айтуынша, қылмыскер қазір қатаң тәртіптегі түрмеде видеобақылау орнатылған камерада отыр.

Қалмұханбет Қасымов, ҚР Ішкі істер министрі:

- Күзеттегілер Руслан Күлікбаевтың төсек жапқыштан жіп дайындап жатқанын көрген. Сосын камераға кіріп, өз-өзіне қол салуға мүмкіндік бермеді. Әрине, оның ойы дұрыс емес. Біз мұны бақылап оған жол бермейміз. Ашығын айтайын, ол қайта тәртіпке салынбайды.

Ішкі істер министрі жыл басынан бері ведомстводан теріс әрекеттеріне байланысты 600 адамның қызметтен кеткенін айтты. Қалмұханбет Қасымов министрлікте шешілмеген проблемалардың бар екенін жасырмады. Халықтан келетін сынның басым бөлігін қабылдады. Дегенмен, былтырмен салыстырғанда елімізде қылмыс көлемі 8 пайызға азайған.

 

Бақытжан ОМАР

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу