«Самұрық-Қазына» қорына 33 жас маман жұмысқа тұрды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Самұрық-Қазына» қорына 33 жас маман жұмысқа тұрды

14.09.2018

«Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорында жұмысқа орналасу жоғары оқу орнын жаңа бітірген жастар үшін оңай шаруа емес. Алайда, бүгін бір топ жас маман қор мен оған қарасты компанияларға жұмысқа ораналасу мүмкіндігін алды. Олар «Самұрық-Қазына» компаниясы ұйымдастырған «Цифрлы жаз» жобасының жеңімпаздары.

Эльвира Мейрамова «Цифрлы жаз-2018» жобасы жеңімпаздарының бірі. ІТ саласы бойынша тестілеуден, екінші кезеңде сауалнамадан және ІТ мамандарымен арнайы әңгімелесуден сүрінбей өтті. Енді міне, қорға қарасты «Қазатомөндіріс» компаниясының қызметкері атанады.

Эльвира Мейрамова, «Цифрлы жаз-2018» жобасының қатысушысы:

- Астана қаласындағы Қазақ экономика қаржы және халықаралық сауда университетінің түлегімін. Осы 2017 жылы университетті тәмамдап, бұл бағдарламаны мен «инстаграмм» әлеуметтік желісі арқылы білдім және 9 шілде айынан бастап «Қазатомөндіріс» Ұлттық компаниясында тағылымдамадан өттім, енді 17 қыркүйектен бастап жұмысқа кірісемін.

«Цифрлы жаз-2018» жобасын «Самұрық-Қазына» қоры бірінші рет ұйымдастырып отыр. Бастапқыда оған қатысуға оқу бітірген 2100 адам ниет білдірген. Оның озат шыққан отыз үші ғана компанияға жұмысқа тұру мүмкіндігін алды. Олардың барлығы екі ай бойы қор құрамында тағылымдамадан өтіп, біліктіліктерін дәлелдеді.

Әлішер Пірметов, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарушы директоры:

- Жоба басталғалы бері тығыз қызмет атқардық. Әсіресе, қазіргі саясатқа сәйкес қиын да проблематикасы жеткілікті сала - ІТ саласы. Үлкен конкурс арқылы сіздер іріктеуден өттіңіздер. Өздеріңіздің біліктіліктеріңіз бен қабілеттеріңізді көрсете білдіңіздер. Сондықтан, бірінші кезекті мен сіздерді осы жобаның сәтті аяқталуымен құттықтаймын. Алдағы қадамдарыңыз әр қашан сәтті болсын.

Енді ғана маман атанған жастар үшін бұл жоба үлкен өмірге жолдама болмақ. «Самұрық-Қазына» қорының тың бастамасы «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асқан.

 

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу