«Qazaqstan» мен «TRT» меморандум бекітті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Qazaqstan» мен «TRT» меморандум бекітті

13.09.2018

Мемлекет басшысының Түркияға сапары аясында медиа саласындағы байланысты дамыту жөнінде келісім жасалды. «Қазақстан» телерадиокорпорациясы мен «ТРТ» мемлекеттік арнасының басшылары екіжақты өзара түсіністік пен ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. Қос елдің телерадиокорпорациялары енді ортақ жобаларды іске асырып, бір-бірімен тәжірибе алмасады.

«ТРТ» мемлекеттік телерадио корпорациясы Түркияның ең ірі медиа холдингі. 1964 жылы құрылған. Құрамында 10-нан аса телеарна мен 20-ға жуық радио бар. Әлемнің 30-дан астам тілінде хабар таратады. «Qazaqstan» Ұлттық арнасымен әріптестік орнатқанына бірнеше жыл болды. Дегенмен, бауырлас елдердің басты телеарналары бұдан да тығыз қатынаста болуы қажет. Байланысты жаңа деңгейге көтеру мақсатымен қос корпорация басшылары Нұрсұлтан Назарбаевтың ресми сапары аясында меморандумға қол қойды.

Ерлан Қарин, «Qazaqstan» РТРК» АҚ басқарма төрағасы:

- Бірлескен жобаларды іске асыруды жоспарлап отырмыз. Тәжірибе алмасуды тұрақты бағытқа салу, сонымен қатар, контентпен айырбастау мәселелерін талқыладық. Түркияның Қазақстанның аудиториясын біздің елдердегі болып жатқан жаңалықтармен кең түрде бөлісуге мүмкіндік береді.

«Qazaqstan» мен «ТРТ» болашаққа ауқымды жоспар құрып отыр. Әлемнің жетекші телеарналарының бірі саналатын түркиялық корпорация жедел әрі сапалы ақпарат таратуда тәжірибесі мол. Қос тарап алдағы уақытта ортақ телехикая, деректі фильмдер тіпті жас көрермендерге арналған анимациялық фильмдер түсірмекші.

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы әлемнің бірнеше арнасымен тығыз байланыс орнатқан. Ұлттық арнаның өнімдері қазір шетелде үлкен сұранысқа ие. Әсіресе, «Qazaqstan» арнасы түсірген телехикаялар көптеп алынады. 2017 жылы Қытай президентінің Астанаға жасаған ресми сапарында «CCTV» арнасымен әріптестік жөнінде меморандумға қол қойылды. Ал, 2015 жылы Жалпыресейлік мемлекеттік телевизиялық және радио хабар тарату компаниясымен келісім жасалды. Сондай-ақ, Әзірбайжанның мемлекеттік арнасымен де ынтымақтастық орнатылған. Бұл қадамдар «Қазақстан» телерадиокорпорациясының әлемдік деңгейге шығуына ықпал ететіні сөзсіз.  

 

Бақытжан ОМАР

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу