Қостанай облысында батырдың ескерткіші неге бұзылды? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында батырдың ескерткіші неге бұзылды?

07.09.2018

Қостанай облысының Қарабалық ауданында қазақ батырының ескерткіші бұзылды. Тас мүсінді техникамен тартып қиратып жатқан бейнежазба әлеуметтік желіге тарап, көпшіліктің наразылығын тудырды. Осыдан үш жыл ғана бұрын халық қаржысына тұрғызылған ескерткішті сүріп тастауға не себеп болды? Тобыл өңіріндегі тілшіміз Дәуренбек Әбдібек оқиға орнында болып, мәселенің мән-жайына қанығып қайтты.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

- Мына жатқан Ресейдің Челябі облысынан келетін негізгі күре жол. Қазақ батырының ескерткіші осы жолдың бойында орналасқан болатын. Қазір оның орнында тек үйінді ғана жатыр.

Әлеуметтік желіге тарап, көпшіліктің наразылығын тудырған бейнежазба осы. Қарабалық кентінің тұрғыны Ержігіт Оралбеков оны алғашқы болып өзінің инстаграм парақшасына жүктеп, билікке базынасын айтып, пікірін де жазған. Бейнежазбаны көрген жергілікті жұрт өздері үшін құнды жәдігерге айналған ескерткіштің не себепті бұзылғанын түсінбей дал болды.  

Ал, жергілікті билік өкілдері бұл жоспарлы түрде жүзеге асып жатқан жұмыс екенін жеткізді. Аудан әкімі ескерткіш арзан материалдан жасалғандықтан тозып, бүліне бастағанын сондықтан, оны жаңасымен алмастыруға шешім қабылданғанын айтады. Бұл туралы маусым айында аудандық газетке «Батырдың орнын батыр ауыстырады» деген мақала да жарияланыпты.

Қарабалық ауданының әкімі Нұржан Өтегенов «негізгі ой – шағын архитектуралық формадағы жиналмалы образды қайта жаңғыртып, жаңа, нақты бір адамды бекіту. Ел ішінде ер болмайды емес»,- дейді. Осы жерде де кезінде елді жаудан қорғаған батырлар болған.

Яғни, әкімнің айтуынша, қазақ батырларының жиынтық образы болған бұрынғы ескерткіштің орнына осы өңірдің тумасы Қарабалық батырдың бейнесі қойылады. Жоба бойынша жаңа мүсіннің жалпы биіктігі 8 метрден асады. Сонымен қатар, ескерткіш тұрғызылған жерге тас төселіп, шамдар ілініп, орындықтар қойылып абаттандырылады. Бұл үшін жергілікті бюджеттен 28 млн. теңге бөлінген. Ал, Қарабалық батырдың ескерткіші демеушілердің есебінен жасалады.

Дәуренбек ӘБДІБЕК

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу