Мәулен Әшімбаев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәулен Әшімбаев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды

06.09.2018

Бүгін «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды. Облыс активі жиынында Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы аясында өңірде атқарылып жатқан жұмыстар сараланып, ақпараттық технологияларды барлық салада тиімді қолдану жайы талқыланды.

90 пәтерлік тұрғын үй 7 айға жуық уақытта салынып бітті. Баспана бірінші кезекте үйге мұқтаж азаматтарға берілмек. Жартысы «7-20-25» бағдарламасы талаптарымен саудаланады. «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев қуаныш иелеріне пәтер кілттерін салтанатты  түрде табыстады.

Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

- Бұл Елбасының «7-20-25» бағдарламасының нақты жүзеге асырылу көрсеткіші. «Нұр Отан» партиясы тарапынан бұл жұмыстардың барлығын қоғамдық бақылауда ұстап отырмыз. Орталықта да, өңірлерде де жұмыс топтары құрылып, жұмыстардың қалай жүргізіліп жатқанына бақылау жүргізуде.

7 айда өңірде 251 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9 пайызға артық. Биыл облыс орталығында бір ғана «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы 21 тұрғын үй салынбақ. Қадешевтер әулетінде бүгін үлкен қуаныш. Үйдің кенжесі Айнаштың енді өз пәтері бар. Аудандық ауруханада заңгер болып қызмет істейтін ол «Тұрғын үй» жинақ банкінен шот ашып, қаражат жинаған.

Айнаш Амангелдіқызы, қала тұрғыны:

- 6 жылдан бері осындай үйді армандап келе жатырмыз. Бөлмелері кең, жарық, сапалы үйге қолымыз жетіп жатыр.

М.Өтемісов атындағы БҚМУ жанына құрылған ақпараттық-технологиялық орталық жұмысы да назардан тыс қалмады. Жоба өңірде ІТ саласы мамандарын дайындауды көздейді.

Айгүл Медешева, орталық жетекшісі:

- 30 мұғалім жоспар бойынша БҚО-дағы 15 ІТ сыныптар мен ІТ лицейлерде өз жұмыстарын бастап, балаларға тегін ІТ білім беру жобасын әрі қарай жалғастырады.

Белсенді жастардың жиі бас сұғатын орны – коворкинг орталығы. Келушілердің мұнда озық ойларын жарыққа шығарып қана қоймай, оны жүзеге асыруына барлық жағдай жасалған. Жастармен кездесуде Мәулен Әшімбаев жаһандану заманында озық инновацияны игеріп, білім мен ғылым көшінен қалмаудың маңыздылығын атап өтті.

 

Назерке ТОҚЖАН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу