Көкшетау бойынша 400-ден астам кәсіпкерге бөлінген жер телімдері заңсыз деп танылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көкшетау бойынша 400-ден астам кәсіпкерге бөлінген жер телімдері заңсыз деп танылды

06.09.2018

Жер емген диқандар жаз бойы маңдайлары күнге қақталып бағып-қаққан егінін жинауға кіріссе, көкшетаулық кәсіпкерлер осы жерге қатысты дауға қалды. Қалалық прокуратура тексеріс жүргізіп жер беру кезінде заң бұзылғанын анықтаған. Нәтижесінде Көкшетау бойынша 400-ден астам кәсіпкерге бөлінген жер телімдері заңсыз деп танылды. Бизнес өкілдері «бұл жағдайға біздің кінәміз жоқ, ағаттық мемлекеттік қызмет көрсеткен мамандардан кетті», - дейді.

Шынболат Сұлтановтың сатып алған жерінде құрылыс тоқтап тұр. Ол демалыс орнын салуды жоспарлаған. Сол үшін кезінде мемлекеттік органдарға жүгініп, құжат жинап, жер алды. Көп ұзамай құрылысты бастап кетті. Алайда, жұмысты  тоқтатуға тура келді. 

Шынболат Сұлтанов, кәсіпкер:

- Жер алған кезде маған ешкім аукцион туралы айтқан жоқ. ХҚКО арқылы барлық құжаттарды тапсырдым, жоба дайындадым. Құрылыс басталып кетті. 3 миллион теңге қаржы жұмсадым. Бұл жағдайға біздің кінәміз жоқ. Алайда, зардап шегіп отырған бізбіз.

Шынболат сияқтылар аз емес. Тіпті бизнесін дөңгелетіп әкеткендер де бар. Мына газ құю станциясы қазір жұмыс істеп тұр. Алайда, жақын арада жабылуы мүмкін. Себебі, сот жер телімі заңсыз берілді деген шешім шығарған.   

Валентина Геращенко, Ақмола облысы бойынша Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің төрайымы:

- Кәсіпкерлер қаржысын жұмсады, шығынданды. Ал, нәтижесінде кәсіпкерлер ғана кінәлі деп танылуда. Олардың мүдделерін ешкім ескеріп жатқан жоқ. Жерді берген мемлекеттік қызмет көрсеткен мемлекеттік органдарды, мамандарды жауапкершілікке тарту мәселесі мүлдем  қарастырылмайды. 

Прокуратура жергілікті атқарушы билікке осы заңбұзушылықты реттеу жөнінде ұсыным жолдаған. Нәтижесінде бүгінге дейін 34 кәсіпкерден жерді мемлекет меншігіне қайтару туралы шешім қабылданған. 43 іс сот қарауында. Қалғаны алдағы уақытта сотқа жіберілмек. 

Әсет Мұхамеджан, облыстық Жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының бөлім басшысы:

- Кәсіпкерлерге айтатыным, заңмен жасалған келісімшарт қойғанда заң талаптарын білу керек. Өздері заң бұзбасын. Бұл туралы жұмыстары 2014 жылдан бері өткізіп жатырмыз. Барлық жерде айтатынымыз жерді аукцион арқылы алыңыздар деп. Бірақ, жерді аукцион арқылы алмайды, сондықтан,  заңбұзушылық деп танып, талап арыз беріп жатырмыз.

Осындай деректер тек Ақмола облысында ғана емес. Қарағанды облысында 700-ден астам, Батыс Қазақстан облысында 500, ал, Қостанайда 320 кәсіпкерге берілген жер телімдері заңсыз деп танылған. Барлығының себебі бір жер атқарушы биліктің шешімімен емес, аукцион арқылы берілуі тиіс еді.  

 

Ермек ЕЛБЕРГЕН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу