Тұзды ауылының оқушылары ескі әкімдіктің ғимаратында оқып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тұзды ауылының оқушылары ескі әкімдіктің ғимаратында оқып жатыр

06.09.2018

Қарағанды облысындағы Тұзды ауылының оқушылары мектепсіз қалды. Олар ескі әкімшілік ғимаратында оқуға мәжбүр. Себебі, білім ордасының жөндеу жұмыстары әлі аяқталар емес. Тендер кеш өткізіліп, жобалық-сметалық құжаттар әзір болмаған. Құрылыстың қара күзге дейін созылуының себебі осы. Ата-аналар болса «күн күрт суытса балаларымызды қайда апарамыз», деп алаңдап отыр.

Тұзды ауылының 144 оқушысы қазір мына бөлмелері қуықтай ескі әкімшілік ғимаратында оқып жатыр. Мұның өзін ұстаздар мен ата-аналар жаңа оқу жылының басталуына үш-төрт күн қалғанда өз күштерімен жуып, реттеп алған. Ғимарат ауылдағы кәсіпкердің жеке меншігінде екен. Көмек ретінде уақытша пайдалануға беріпті. Біраз жыл қаңырап бос тұрғандықтан, сырты ғана емес, іші де азып-тозып кеткен.

Маржан Халдарова, оқушы:

- Бұл мектеп суық, тар. Бұрынғы мектепте дене шынықтыру бөлмесі болған. Мұнда жоқ. Тезірек мектебімізді жөндеп берсінші.

Ауыл мектебі бастан-аяқ жөнделеді  дегенде ата-аналар жаппай разы болған еді. Алайда, құрылыс кеш басталып, балалары мектепсіз қалғанда қуаныштары су сепкендей басылды. 

Сандуғаш Қорабаева, Тұзды ауылының тұрғыны:

- Бірінші сыныпқа келгенде дайындық болған жоқ. Бірақ, «дайындық болады, өзіміз дайындаймыз», деді. Жарайды деп оған да келістік.

Жөнделуі тиіс мектептің қазіргі сиқы адам шошырлық. Құрылыстың әлі 30 пайызы да орындалмаған. Ғимараттың шатыры жабылмаған. Соңғы апталардағы толассыз жауыннан су сорғалап ішке ағып кеткен. Терезе салынбаған, жылу құбырлары тартылмаған. Аудандық білім бөлімінің басшысы мен құрылысшылар «жұмысты 1 ай ішінде аяқтаймыз», деп отыр. Алайда, мұндағы шаруаны бітіру үшін шамамен төрт ай керек екен.

Әсет Ахметов, Бұқар жырау ауданы білім бөлімінің басшысы:

- Жобалық-сметалық құжат бойынша кішкене жұмыстар болды. Соларды жөндеп жасадық. Екіншіден, ГАСК-тан рұқсаттама қағазын тек 9 тамызда ғана алдық. Сол күні жұмысты бастадық. Келісімшарт бойынша 27 шілдеде басталуы тиіс еді.

Әу баста құжат бойынша құрылысқа 200 миллион теңге сұралған. Бөлінгені 107 миллион теңге ғана. Енді осы қаржыға бірінші кезекте ең қажет деген жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Қалған қаражатты келер жылы қайта сұрамақ. Қазір құрылыс басында мектептің ұстаздары мен директор  да қоса жүр.

Балалар ескі әкімшілік үйінде ұзақ уақыт оқи алмайды. Себебі, кез келген уақытта күн күрт суытуы мүмкін. Ал, ғимарат болса, ешқандай жылу көзіне қосылмаған. Ата-аналар да осыған қатты алаңдаулы.

 

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу