Екібастұзда жаңа электр станциясы іске қосылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Екібастұзда жаңа электр станциясы іске қосылды

05.09.2018

Қуаты 80 мың мегавольт ампер. Бұл нысан темір жолға қажетті құрал-жабдықтар шығаратын кәсіпорындарға қызмет көрсетеді. Құрылысқа 2,5 млрд. теңге қаржы салынған. Индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында қолға алынған ірі жоба «Қазақстанның Даму банкі» арқылы қаржыландырылды.

Екібастұзда темір жол кластерін құру үшін жеті бірдей кәсіпорын ашылған болатын. Соның нәтижесінде шойын жолға қажетті өнім шығару үш есеге ұлғайды. Міне, осы кезде қала іргесіндегі станциялар қуатының жеткіліксіз екені біліне бастады. Сөйтіп, мемлекеттік-жеке серіктестік бағдарламасы аясында жаңа нысанның құрылысы басталды.

Исмаил Мамаев, жоба жетекшісі:

-Әрбіреуінің қуаты 40 мың мегавольт-амперге дейінгі екі электр таратқыш қондырғы салынды. Бұл кәсіпорындарға қуатты үздіксіз беріп тұруды қамтиды. Екіншіден, электр энергиясының әр киловатынан 4 теңге үнемделеді. Нақтырақ айтқанда, делдалсыз жұмыс істейміз.

Отандық кәсіпорындарға салмақ түспес үшін инженерлік- инфрақұрылым түгелдей мемлекет есебінен жасалды. Кернеуі 220 киловольттық жаңа желі тартылды.

Қазір Екібастұзда темір жолға қажетті вагондардан бастап қосалқы бөлшектердің барлық түрі жасалады. Импорт алмастыру бағдарламасы бойынша салынған кәсіпорындар қазір экспортқа өнім жөнелте бастады. Әсіресе, темір жол біліктері мен қосарланған дөңгелектер сұранысқа ие.

Артур Хачатурян, темір жол өнімдерін шығаратын кәсіпорынның бас директоры:

-Осы жерде заманауи технологиямен жабдықталған 7 кәсіпорын жұмыс істейді. Соның біреуі ғана 18 мегавольт электр қуатын тұтынады. Бүгінгі станцияның ашылуы біздердің жұмысымызға үлкен демеу. Темір жол кластерін екі есеге дейін өсіруге мүмкіндігіміз бар.

Кәсіпорындардың тұрақты жұмыс істеуі тікелей энергетикалық секторға тәуелді. Сондықтан, қуат өндіретін өндірістің дамуы стратегиялық нысандар шоғырланған шаһар үшін өте маңызды.

Болат АМАНБАЕВ     

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу