Ата заң - Тәуелсіздіктің айғағы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ата заң - Тәуелсіздіктің айғағы

30.08.2018

Конституция – Қазақстанның ширек ғасырдан астам уақыттағы жетістіктерінің берік іргетасы.  Негізгі заң - бүкіл халықтың бойтұмары. Ата заңның арқасында Қазақ елі талай дәуірді сенімді еңсерді. Жүйелі құқықтық жүйенің негізінде алдымен экономика дамып, қоғамның әл-ауқаты жақсарды. Ата заңның қағидаттары мен нормаларын ұстану, конституциялық құндылықтарды қорғау – әрбір азаматтың құрметті парызы және қасиетті міндеті.

Қазақ халқы сан түрлі тарихты бастан кешіріп, ұлы дала төсінде талай тағдырлы шешімдер қабылдады. Алып мемлекеттер құрып, күрделі кезеңдерді бастан кешірді. Тарих куә. Сол кездегі қазақ өркениеті тастай тәртіппен қалыптасты. Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Тәуке ханның жеті жарғысы қазақтың бірлігін бекітті, қоғам ортақ заңға бағынды. Тәртіпке деген құрметтің арқасында айбары асқан қуатты ұлтқа, дәулеті тасыған елге айналдық.

Конституция - елдің құндылығын айқындайтын негізігі құжат. Түрлі құрылымдардың, жеке азаматтардың, ұлт пен ұлыстың мақсат пен міндеттері Ата заңда айқын көрсетілген. Осыдан 23 жыл бұрын бүкілхалықтың референдумда қабылданған тарихи шешім арқылы Қазақстан жаңа дәуірге қадам басты. Конституция тек заңдардың жиынтығы емес билік пен халық арасындағы қоғамдық келісім құжаты ретінде қаралды. Мұны әлемдік қауымдастық та қолдады.

Тастемір Әбішев, ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы:

- Қазақстан ратификациялаған фактілердің нормалары Конституцияның нормаларына енгізілген. БҰҰ сарапшылары Қазақстан Республикасының Конституциясына жоғары бағасын береді.

1995 жылдан бері Ата заңға бірнеше рет өзгеріс енгізілді. 1998 жылы Президент пен депутаттардың құзыреті мен қызмет мерзімі, 2007 жылы депутаттарды сайлау жүйесі өзгерді. Яғни, сайлаушылар бір адамға емес, партияға дауыс беретін болды. Сондай-ақ, Мәжіліске Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдерін енгізуге мүмкіндік берілді. 2011 жылы Ата заңға  Президентті тағайындау мен оның құзыретін ұзарту туралы өзгеріс жасалды. Ал, 2017 жылы Мемлекет басшысы Президент пен Парламент арасында билік тармақтарын бөлді.

Серік Негимов, филология ғылымдарының докторы:

- Елдің дамуында ішінара толықтырулар енгізілуі дұрыс. Өйткені, әлемдік қауымдастықта, геосаяси жағдайда өзгешеліктер, Конституцияда ұстау керек. Толықтырулардың болуы - ол әділдік. Конституцияның негізгі күретамыры ол - әділеттілік.

Азаттықтың айғағы болған Ата заң - әлемдегі ең жас конституциялардың бірі. 23 жылда басты құжат мемлекеттің тұғырын нығайтты. Әлеуметтік экономикалық тұрғыдан алға ұмтылуымыздың құқықтық негізін қалады. Қазақстан халықаралық аренада өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырды. Ал, оның ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары.

Арман Перзадаев, Қазақ гуманитарлық заң университетінің проректоры:

- Қазіргі таңда дүниеде жүзеге асатын құқықтық жүйе бар. Біздікі романа-германдыққа ұқсас. Француздық модельде жасалынған жақын Конституция болып табылады.

Ата заңның басты құндылығы  - бүгінгі заң талабы мен қауіп-қатерлерге төтеп беруінде. Ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де еліміздің дамуы мен ішкі тұрақтылығы сақталып келеді. Сондықтан, Қазақстанның өсіп-өнуіне, өркендеуіне үлес қосқан, жалпы халық болып қабылдаған Конституцияны құрметтеу әр азаматтың міндеті әрі парызы. 

Бақытжан ОМАР

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

 

Хабарламаларға жазылу