Ақмола облысында республикалық жазғы жастар білім лагерінің ІІ маусымы ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында республикалық жазғы жастар білім лагерінің ІІ маусымы ашылды

20.08.2018

Оған жастар ұйымдарының көшбасшылары, кәсіпкерлермен қатар «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздары қатысты. Айта кетсек, республикалық жазғы жастар білім лагері биыл алғаш рет ұйымдастырылып отыр. 12-ші тамыздан басталған лагер жұмысы 26-шы тамызға дейін жалғасады. Сол аралықта үш ауысым жұмыс істемек. Негізгі мақсаты –«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда жастардың үлесін арттыру.

«Жаңғыру трендтері». Республикалық жастар білім лагерінің басты тақырыбы осы. Яғни, бүгінгі таңдағы жаңғырудың негізгі өзегі неде болмақ?  Бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізіп, оны қалай сақтап қалуға болады? Белсенді жастар білім лагерінде осы тақырыптарды талқылап, пікір алмасты.

Білім лагеріне келген жастардың бірі -  Қуаныш Жұмабеков. Ол «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы. Қуаныш 10 жылдың көлемінде қазақтың ауыз әдебиетін, ертегілерін ағылшын тіліне аударып келеді. 4 тілді еркін меңгерген. Оның айтуынша, қазақтың ертегілерінде әлемдік трендке айналатын тұлғалар көп. Тек оны насихаттау жағы кемшін. Сондықтан, қазақ ертегілерін шет тілдеріне аударып, әдебиетімізді әлемге таныту керек. Бұл – рухани жаңғырудың бір парасы.   

Қуаныш Жұмабеков, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы:

- Әлемге танымал Зомби деген мультфильм кейіпкері бар. Оны насихаттап, танытып жіберді. Былай алып қарасаңыз, бізде де насихаттауға тұрарлықтай ертегі кейіпкерлері бар. Осыны қолға алсақ, «Рухани жаңғыруға» қосқан үлесіміз болар еді.

«Озық ойлы жастарға бағыт-бағдар беріп, қолдау көрсету біздің міндетіміз», - дейді лагерьге арнайы шақыртылған саясаткерлер, ғалымдар мен журналистер.

Айдос Сарым, саясаттанушы:

- Мұндай шаралар жастарға өте керек. Еліміздің болашағы жастардың қолында. Оларға қандай бағыт берсек, сол бойынша тәлім алады. Сондықтан, осындай шаралар арқылы «Рухани жаңғырудың» негізін түсіндіруіміз керек.

Бес күнге созылатын маусым аясында «Рухани жаңғыру» тақырыбына арналған семинарлар мен түрлі жиындардан бөлек, қызықты кештер мен түрлі ойын-сауық  шаралары ұйымдастырылады.

Нұргүл НҰРБАЙҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу