Қарағандыда 70 тұрғын үй жылу маусымына дайын емес - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағандыда 70 тұрғын үй жылу маусымына дайын емес

17.08.2018

Қарағандыда қысқа дайын емес көпқабатты үйлерді энергетиктер осы бастан жылудан ажыратуда. Қала бойынша 70 үй жылыту маусымына әзір емес. Жылумен жабдықтаушы компанияның мәліметінше, тұрғындар мен Пәтер иелері кооперативтері көпқабатты үйлердегі ішкі құбыр жүйесінің техникалық жағдайына мүлде мән бермеген.

Кестеге сәйкес, тұрғын үйлердің техникалық дайындығы маусым айының 15-і күні бекітілуі тиіс еді. Алайда, жағдай олай болмай шықты. Міне, мынау Жауынгер-интернационалистер көшесі, 4 үй. Жылу маусымына дайын болмағандықтан, орталық құбырдан ажыратылды.

Қазір жылумен қамтамассыз етуші компания құбырларын шайып, тексермеген 10-нан астам үйді орталық жылу жүйесінен ажыратып тастады. Қалған 60 үйдің тұрғындары бұдан нәтиже шығармаса, осы аптада олардың да орталық жылу құбырын қию жоспарланған.

Руслан Әшімов, қала тұрғыны:

- Жылуды ажыратып тасатағанын бүгін ғана білдім. Маған ешқандай қағаз келмеді. Жылу болмаса, әрине, суық болады. Мәселені шешу керек.

Бұл олқылық жеке Пәтер иелері кооперативтері мен тұтынушылардың ортақ жөндеу жұмыстарына уақытылы ақша бөлмеуі салдарынан болып отыр. Жағдай әсіресе, кооперативтері жоқ нысандарда күрделі.

Тоқыш Бүркітбаев, қала тұрғыны:

- Ескертуді көрдік. Бірақ, бұл үйде пәтер иеленуші кооператив жоқ, оған қоса, бұл үйде мүгедек қарт кісілер тұрады. Сондықтан, қиындық туғызып отыр. Енді не істейтінімізді білмейміз. Қыста бұл пәтер жылусыз суық болады.

«Мұндай баспаналардың ұйымдастыру жұмыстарымен айналысатын адамдарға сұрау салмақ түгілі, оларды тауып алудың өзі қиын», - дейді компания өкілдері. Мамандар «үйлердің техникалық ахуалы түзелмейінше, жылуды қоспаймыз», - дейді.

Иван Волошко, «Теплотранзит Қарағанды» ЖШС баптау қызметінің жетекші инженері:

- Адамдар ішкі коммуналдық жүйенің өздеріне тиесілі және ол үшін жауапты екендіктерін түсінбейді. Сондықтан, осындай шара қолдануға мәжбүрміз. Енді жылу маусымына дайын болған кезде ғана орталық қазандыққа қайта қоса аламыз.

«Жылу құбырын қайта іске қосу ақылы, бірақ, қымбат емес. Алайда, бұдан көрі тұрғындар мен Пәтер иеленушілер кооперативтерінің өз міндетіне жауапкершілікпен қарауы кемшін болып тұр», -дейді компания өкілдері. Әзірге кеншілер шаһарының тек 70 пайызы ғана жылу маусымына дайын. Ал, облыс бойынша жылу маусымына қамданыс қалай екені алдағы уақытта өтетін жиында белгілі болады.

 

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу