Каспий саммиті әлемдік баспасөзде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Каспий саммиті әлемдік баспасөзде

13.08.2018

Ақтауда өткен Бесінші Каспий саммиті әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарының назарында. Бес мемлекет басшылары қатысқан алқалы жиын туралы «ВВС», «Гардиан», «Синьхуа» тәрізді беделді басылымдарда ауқымды мақалалар жарық көрді. Авторлардың пікірінше, Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенция 5 елге түйткілді мәселелерді шешуге көмек болмақ. Елімізде өткен халықаралық саммит туралы әлемдік БАҚ-тарға шолу жасалық.

«Каспий теңізі: 5 мемлекет пікірталастарды аяқтайтын келісімге қол қойды». Ұлыбританияның әлемге телерадио хабарларын тарататын «ВВС» корпорациясы сайтындағы мақала осылай деп аталады. Автор Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан, Түркіменстан мен Иран арасында Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылғанын атап өткен. Бұған қоса, мақалада  ортақ мәмілеге келу үшін 5 мемлекет 20 жылдан астам уақыт жұмыс атқарғаны айтылып, Каспий теңізі туралы қызықты әрі жан-жақты мағлұмат берілген.

Қытайдың Синьхуа ақпараттық агенттігі де елімізде өткен тарихи саммитке баса назар аударды. «5 мемлекет Каспий теңізін бірлесе пайдалану туралы келісімге қол қойды» деп аталатын мақалада алқалы жиын нәтижелері қозғалған. Бұған қоса, Каспий теңізі бойынша экономикалық ынтымақ туралы келісім негізінде өңірдегі сауда және экономикалық байланыстар, тығыз әрі өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдете түсуге басымдық берілетіні де атап өтілді.

Ал, халықаралық «Файнэншл Таймс» газетіндегі мақала «Каспий маңы мемлекеттері қарым-қатынастары дами түспек» деп басталады. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «теңіз мәртебесі жөнінде осындай келісімге келу күрделі процесс болды. Ол барлық тараптардың күш-жігерін талап етті», деген сөзін келтірген. Бұған қоса, Иран президенті Хасан Руханидің «біздің өңір тұрақтылық, достық пен тату көршілердің жақсы үлгісі» деген сөздерін де мақала авторы назарынан тыс қалмаған.

Ұлыбританияда күнделікті шығатын «Гардиан» газетіндегі мақала «Каспий маңындағы 5 мемлекет  қол қойған маңызды келісім» деп аталады. Алқалы жиынның жағалаудағы Ақтау қаласында өткеніне көңіл бөлінген. Сондай-ақ, 20 жылдан астам уақытқа созылған пікірталас қажырлы дипломатия арқасында өз жемісін берді деп бағаланып отыр. Автор Каспий теңізінің мәртебесін айқындайтын Конвенцияны өңірлік конституцияға теңейді.

Германияның халықаралық «Дойче велле» телерадиокомпаниясы сайтында 5-ші Каспий саммитінің өз мәресіне жеткені хабарланды. Теңіз маңындағы 5 мемлекет қол жеткізген келісім бағалы мұнай және газ жобаларының жүзеге асуына мүмкіндік беретіні туралы да айтылған. «Конвенцияға қол қойылды, дегенмен, алда барлық тараптарды бұдан өзге көптеген мәселелер, талқылаулар күтіп тұр», делінген мақалада.

Ал, әлемге әйгілі америкалық «Нью-Йорк Таймс» газеті алғашқылардың бірі болып Каспий саммитіне тоқталды. Ауқымды мақалада Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін айқындауға қатысты іс-шаралар тарихына шолу жасалған. Сонымен бірге, теңіз түбімен магистарльды құбырларды тарту мүмкіндігі, Каспийге өзге елдердің әскери кемелері қойылмайтыны тәрізді бірқатар күрмеуі көп мәселелердің талқыланғаны туралы жазылған.   

 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу