Каспийдің құқықтық мәртебесі анықталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Каспийдің құқықтық мәртебесі анықталады

10.08.2018

Бесінші Каспий саммитінің басталуына 2 күн қалды. Жағалау мен теңіздің құқықтық мәртебесін нақтылау – Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін пайда болған негізгі мәселелердің бірі. Арнайы жұмыс тобы құрылып, 20 жылдан астам уақыт бойы зерттеу жасалып келді. Бес елдің басшылары және Сыртқы істер министрлері мен сарапшылары деңгейінде талай мәрте келіссөздер жүргізілді. Енді оны реттейтін конвенцияны Каспий жағасындағы мемлекет басшылары бір ауыздан қабылдаса, теңіздегі тіршілік те қыза түспек.

Каспий – әлем елдері көз тіккен стратегиялық маңызды аймақ. Парсы, түркі, орыс, араб және Қап тауы аймақтарының тоғысқан өңірде мұнай мен газ қоры да мол. Қазақстан – Каспий теңізіндегі шекарасы ең ұзын мемлекет. Сондықтан, сарапшылар «теңіздің құқықтық мәртебесінің реттелуі Қазақстанның көліктік-транзиттік әлеуетін  айтарлықтай арттырады»,- дейді. Алайда, бес елдің берекелі шешімі халықаралық деңгейдегі табысты келіссөздердің біріне айналары сөзсіз.     

Осман Досов, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасы сараптамалық орталығының аға ғылыми қызметкері:

- Бұл тарихи маңызы бар кездесу болмақ. Ол тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл 5 мемлекеттің бірлесе атқарған жұмысының  ортақ жемісі деуге болады. Өйткені, 20 жыл бойы келіссөздер жүргізіп, ымыраға келіп, конвенцияға қол қойылғалы отыр. Каспий теңізінің акваториясына қатысты консессуалдық шешім де қабылданатын болады. Теңіздің суы аймақтарға бөлінеді. Сондай-ақ, ортақ қолданыстағы су тұрғысында да құқықтық дәреже анықталады.

Каспий жағалауы мемлекеттерінің Президенттері бұған дейін төрт рет кездескен болатын. Осы жиындар барысында теңіз аумағына басқа елдердің әскери күштерін, кемелерін кіргізбеу туралы және Каспий аймағының экологиясын бірлікте қорғау туралы өзара келісімдер жасалады. Мұның өзі де үлкен жетістік.

Әсел Назарбетова, ҚСЗИ ақпараттық-талдау жұмысы бөлімінің басшысы:

- Бұл конвенцияның қол қойылуына дейін көп жұмыстар атқарылды. Конвенцияның ішіндегі барлық ережелері, баптары егжей-текжейлі мұқият қарастырлып, жан-жақты ойластырылып жасалған құжат. Бұл құжатқа қол қоюдың өзі осы 5 мемлекеттің нақты нәтижеге келуінің белгісі. Не үшін бұл мәселе ұзақ уақытқа созылды дейтін болсақ, біріншіден, осы Каспий теңізінің өзінің құқықтық мәртебесін анықтау үлкен дау тудырған мәселе болды. Яғни, оны теңіз ретінде қарастыру керек пе немесе көл ретінде қарастыру керек пе деген. Сол мәселе анықталмағандықтан, ол теңізге деген қандай халықаралық құқықтың нормаларын қолдану керектігі де белгілі болған жоқ.

Каспий - 20 ғасырдың басына дейін бекіре, ақсерке, қызыл балық сынды балықтың бағалы түрлерінің 70 пайызы сақталған су қоймасы еді. Алайда, 70 жылдарға қарай ондағы биоресурстар азайып кетті. Сондықтан, аталған құжат арқылы бес ел біріге отырып,  экологиялық түйткілдерді шешуге септігін тигізеді. Сонымен қатар, экономикалық, қауіпсіздік мәселелерінде ынтымағын арттырып, ортақ игілікке қол жеткізуге жол ашады. Осы тұрғыда да, конвенцияға қол қою - бес елдің берекесін бекемдей түседі.  

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу