Алматыда қоқыс сұрыптау кешені ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда қоқыс сұрыптау кешені ашылды

09.08.2018

ЭКСПО халықаралық көрмесінің нәтижесінде іске асқан тағы бір жоба -  Алматы қоқыс сұрыптау кешені тестілік тәртіпте жұмысын бастады. Қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға арналған жоба құны 5,4 млрд. теңге. Көрмеде қоқысты сұрыптап, дайындалған шикізаттан жасалған өнім көпшілік назарына ұсынылған еді. Жобаның тиімділігін көрген ғалымдар мен кәсіпкерлер инвестициялық компаниялармен және инвесторлармен келісім жасады. Жеке инвестициялар есебінен жүзеге асқан кешенде 500-ден аса адам жұмыспен қамтылады.

Бұл Алматы маңындағы қоқыс полигоны. Тау-тау болып үйілген әртүрлі заттардың қоспасы маңайға күлімсі иіс шығарып, айналаны улайды. Осы себепті, полигондар топырақпен көміледі. Алайда, мұндай көмбелердің астында не болып жатқанын ешкім білмейді. Мүмкін, маңайды улап жатқан шығар. Себебі, бұл процес жердің астында жүреді. Ал, уланған судан түрлі аурулар пайда болады.

Алматы қаласындағы тұрмыстық қалдықтар арнайы полигондарға тасталатын. Ал, ол жерде қардың, жаңбырдың суымен араласып еріп, жерасты су көздеріне қосылып, табиғатқа, адамға зиян келтіретін. Енді бұдан былай тұрмыстық қалдықтар осы сұрыптау зауытына алып келінеді. Осы жерден арнайы өңделіп, өндіріс орындарына жіберіледі. 

Енді қала маңында қоқыс полигоны мүлде болмайды. Өйткені, Алматы қоқыс сұрыптау кешені қыркүйектен бастап толық жұмыс істейді. Қазір тестілік тәртіпте техниканы тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Тұрмыстық қалдықтардан шикізат алу үшін қоқыс сұрыпталады. Одан кейін өңдеуге жіберіледі.

Дмитрий Данильченко, Инвестиция компаниясының директоры:

- Бұл экологиялық жобаға 5 млрд-тан аса қаржы салынды. Өйткені, жиналған қоқысты жерге көме салу табиғатқа қауіпті. Ал, өңделген қоқыстың ешкімге зияны болмайды. Біз пластик, түсті металл және ауыр металдарды ажыратып, қайта өңдеуге жібереміз. Астанада да осындай зауытымыз бар. Бірақ, оның көлемі осы зауыттан кішірек. Кешен қыркүйек айында толық жұмыс істейді.

Сұрыптау кешені автоматтандырылған. Компьютерлік жүйені небәрі бір-екі маман ғана басқарады. Олар италиялық білікті мамандардан техниканың тілін үйреніп алды. Сандық жүйедегі конвейерлер іске қосылғанда 530 адам жұмыс істейді.  

Еркін Нұрбек, бас энергетик:

- Осы зауытта цифрлық технологияны игеріп, құрал-жабдықтардың бәрін меңгеріп алдық. Енді өзіміз осыны игеріп,  ары қарай жұмысымызды жалғастырамыз. Жақын жерден жұмыс табылғанына өте қуаныштымыз.

Кешеннің жылдық өнімділік қуаты 550 мың тонна. Ал, бүгінде мегаполистен жылына 600 мың тонна қоқыс жиналады. Сұрыптау кешенінің жанынан өндірістік зауыт салынып жатыр. Ол іске қосылғанда тұрмыстық қалдықтар залалсыздандырылып, қоғамның игілігне жарап, қайтадан тұрмыстық заттар жасап шығарылады. Сондықтан, Астанадағы халықаралық ЭКСПО көрмесі әлемнің әр қиырындағы осындай жобалардың елімізде іске асуына септігін тигізді. 

 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу