Жағармай бағасы нарықпен реттеледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жағармай бағасы нарықпен реттеледі

07.08.2018

Көмір сияқты бағасы қымбаттаған сайын елді біраз шулатып алатын дизель отынына да қатысты әңгіме болды. Энергетика министрлігі мен жеткізуші компаниялар дизельдің бағасын реттемейтіндерін мәлімдеді. Тек келісілген мөлшердегі жағармай шаруаларға таратылып берілген көрінеді. Шаруалар күзгі терін қарсаңында осы отын бағасы тағы да шарықтап кеткенін айтқан болатын. Биыл олар Үкіметтен күзгі егін-терін жұмыстарына 400 мың тоннадай жеңілдетілген жағармай сұраған. Бекітілген кесте бойынша өңірлерге осы мөлшердегі жағармай таратылған. Ал, жеңілдетілген жағармай жетпей қалған шаруалар оны нарықтық бағамен сатып алуы керек екен. Өйткені, Қазақстанда мұнай өнімдеріне бағаны мемлекет реттемейді. Дегенмен, бағаның шарықтап кетуіне ортадағы операторлар да кінәлі болуы мүмкін деген пікір айтылды. 

Рустем Кабжанов, «Kazenergy» қауымдастығының мұнай-газ және энергетикалық даму жөніндегі атқарушы директоры:

- Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Энергетика министрлігі кесте бекітіп, жеңілдетілген жағармай жеткізудің мерзімі мен оның мөлшерін келіседі. Әрі қарай әкімдіктер тендер арқылы оператор таңдайды. Олар жанармайды шаруаларға жеткізуге жауапты. Соңғы бірнеше жылда осы операторлар тарапынан бағаны көтеріп жіберу немесе шаруаға жеткізбеу фактілері болды. Бағаның өсуінің осындай себебі болуы да мүмкін.

 

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу