Астанаға ресми сапармен Үндістанның Сыртқы істер министрі Сушма Сварадж келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанаға ресми сапармен Үндістанның Сыртқы істер министрі Сушма Сварадж келді

03.08.2018

Қазақстан әскерилері Ливандағы бітімгерлік миссиясына әзірленіп жатыр. Бұл Қазақстан мен Үндістанның өзара қарым-қатынасты нығайту бағытындағы келіссөздердің арқасында мүмкін болып отыр. Біздің әскерилерді БҰҰ-ның үндістандық бітімгерлік контингентінің тәжірибелі офицерлері дайындайды және олар Ливанға күзде аттанады. Ал, бүгін Астанаға ресми сапармен Үндістанның Сыртқы істер министрі Сушма Сварадж келді. Құтты қонақпен еліміздің Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов кездесіп, екі жақ түрлі жаңа келісімдерге келді.

Қазақстан мен Үндістан арасындағы байланыс жаңа сатыға көтеріледі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Үндістан премьер-министрі Нарендра Модидің Астана мен Циндаода өткен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы саммиттері кезінде келген келісімдері бұл достыққа серпін берді. Ал, екі министр президенттердің жоспарларын жүзеге асырудың жолдарын қарастырды. Қазақстан мен Үндістан арасындағы тауар айналымы бүгіндері 1 миллиард долларды құрап отыр. Оны еселеп, ынтымақтастықты нығайту үшін бірқатар жоба қолға алынбақ.

Қайрат Әбдірахманов, ҚР Сыртқы істер министрі:

- Біздің елдер көліктік-логистикалық салада ынтымақтастықты кеңейту бойынша жұмыс атқаруда. Оның ішінде,  мысалы, Қазақстан Иран темір жолының әлеуетін қолдап, теңіз порттары арқылы Үнді мұхитына шығуға мүмкіншілігіміз туып отыр. Көпжақты ынтымақтастық саласында БҰҰ, сондай-ақ,  ШЫҰ, Азиядағы өзара сенім және іс-қимыл шараларының кеңесі тәрізді халықаралық ұйымдар шеңберіндегі өзара ықпалдастықтың тиімділігін арттыруға бағытталған болашақ қадамдарды да біз бүгін талқыладық.

«Үндістан» десек, кино ойға келетіні рас. Бұл салада да ортақ жобалар жүзеге асатын болды. Болливудпен бірлесіп, қазақ режиссерлері фильмдер түсіреді. Ал, Үндістан Астананың халықаралық қаржы орталығына, «ЭКСПО»-дан алған тәжірибесі мен жаңа технологияларға қызығып отыр екен.

Сушма Сварадж, Үндістанның Сыртқы істер министрі:

- Үндістанның үздік қаржылық және инвестициялық компаниялары «Астана» халықаралық қаржы орталығында жұмыс істеуге мүдделі. Сондай-ақ, біз ауыл шаруашылығы, фармацевтика, IT салаларында да ортақ жобаларды жүзеге асыруға қуана келісеміз. Бұл ресми сапарымның арқасында екі ел арасындағы байланыс одан әрі беки түсетініне үміттімін.

Осылайша, қазақ-үнді қарым-қатынасы одан әрі нығаятынына күмән жоқ. Өйткені, екі ел барлық салада қос тарапқа да тиімді келіссөздерге келіп отыр.

Альбина ӘШІМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу