Алматыда ұрланған айналарды сатқан саудагер ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда ұрланған айналарды сатқан саудагер ұсталды

26.07.2018

Алматыда «Кар сити» автобазарына жүргізілген рейд кезінде 15 көліктің айнасын саудаға шығарған сатушы ұсталды. Ол айналарды бұзақылардан сатып алып, арзан бағамен саудалап келген. Кешеден бері полицейлер осындай заңсыз сауданың жолын кесуге кірісті. Авто бөлшектерді сататын орындарды тексеру жұмыстарына қалалық Ішкі істер басқармасының 300 полицейі қатысты. Сондай-ақ, Ұлттық ұланның жеке құрамы сауда орталығын қоршауға алды.

Салтанат Әзірбек, қалалық Ішкі істер департаментінің ресми өкілі:

- Ол 1990 жылы туған Алматы облысы Алакөл ауданының тумасы болып шықты. Бұрын-соңды сотталмаған. Ол азамат сауда орындарының бірінде сатушы болып істейді екен. Ұрланған айналарды қабылдап, оларды өзі де саудаға салған. Ол кінәсін толығымен мойындап, қазіргі таңда 15 айнаны тергеуге беріп отыр. Дәйекті зат ретінде олар тіркеліп, қылмыстық іс қозғалуда.

Сондай-ақ, тәртіп сақшылары «Жібек жолы» базарында жүргізген рейд кезінде 1500 сауда орны мен 68 автокөлік жөндеу орталықтарын тексерді. Соның нәтижесінде 460 адам ұсталды. Оның 20-сы еліміздің көші-қон заңнамасын бұзған шетел азаматы. Енді олар соттың шешімімен елден шеттетіледі. Бұдан басқа, іздеуде жүрген 4 қылмыскер және төлқұжаттары жоқ бес адам ұсталды. Екі ұрланған велосипед иелеріне қайтарылды. Айта кетейік, Алматыда «Құқық тәртібі» жедел алдын алу іс-шарасы 29 шілдеге дейін жалғасады.

    

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу