Бекіре шабақтары өзенге жіберілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бекіре шабақтары өзенге жіберілді

25.07.2018

«Атырау бекіре балық өсіру зауыты»  Жайық-Каспий бассейніне  4 млн-ға жуық бекіре шабағын жіберді. Су маржандарының көпшілігі шоқыр балығының шабақтары.

Аса бағалы деп танылатын балық түрі бұл зауытта асқан ұқыптылықпен өсіріледі. Сондықтан да болар, жыл сайын мемлекеттік тапсырыс артығымен орындалады.

Данияр Баймағамбетов, Атырау облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясының басшысы:

- Зауытта өсірілген шабақтар мемлекеттік талапқа сай. Бұл шабақтар бағалы балық түрінің қатарын көбейтіп, бекіренің мол қорын қалыптастыруда өз септігін тигізеді деп ойлаймын. Сондай-ақ, бұлар теңізге тез бейімделеді. 

Зауытта тереңдігі екі метр болатын 10 тоған бар. Бұл жерде шабақтар 2 ай бақылауда болады. Кейін арнайы арна арқылы өзенге жіберіледі.

Жандос Темірғалиев, тілші:

- Бекіре тұқымдас балықтардың өсуі үшін жасанды су бассейндерінде барлық жағдай жасалған. Міне, салмағы үш граммнан асатын бекіре тұқымдас балықтардың шабақтары Жайық өзеніне жіберілуге дайын. Дәл қазіргі уақытта мамандардың қадағалауында.

Кәсіпорынның  ашылғанына 20 жыл. Осы аралықта көк айдынға 140 миллион дана бекіре тұқымдас балықтардың шабағы жіберілген.

Рашиден Қалидуллин, «Атырау бекіре балық өсіру зауытының» директоры:

- Шабақ өсірудің өзі оңай емес. Технологиясы бар. Біріншіден, аталық-аналықтарын дайындау керек. Тұқым беретін уақытында ол балықтар жарақат алмауы қажет. Одан басқа, суы таза болғаны жөн.

Алдағы уақытта бекіре зауыты қайта жабдықтаудан өтпек. Өйткені, тозығы жеткен құрылғылар күнделікті жұмысты қиындатады. Ал, біркелкі жаңарту сәтті өтсе, Атырау өңірі жылына 12 миллион дана шабақ өсіруге қауқарлы болмақ. 

Жандос ТЕМІРҒАЛИЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу