Қызылорда облысында оқушылардың 97 пайызы жазғы демалыспен қамтылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында оқушылардың 97 пайызы жазғы демалыспен қамтылды

20.07.2018

Балалар жазғы демалысын біліммен ұштастырудың тиімді әдісі. Қызылорда облысында бірнеше жылдан бері әкімдік жанынан құрылған балалар лагері бар. Облыстық Олимпиадалар және қосымша білім беру орталығы деп аталатын мекемеде балалар тынығып қанай қоймай, білімдерін жетілдіреді. Осындай жүйелі жұмыс нәтижесінде облыста бірнеше жылдан бері мектеп бітіруші түлектердің 100 пайызы жоғары оқу орнына түседі. Аталған орталықтағы кезекті демалыс маусымының салтанатты ашылуы өтіп, оған облыстағы 250 бала қабылданды.

Тау бөктерінде орналасқан лагерьге бұл жолы Шиелі ауданынан 200-ден астам бала келді. Төртінші ауысымның тынығушыларын қабылдау салтанаты рухани жаңғыру бағдарламасына арналды.

Облыстық Олимпиадалар және қосымша білім беру орталығы әкімдік жанынан арнайы құрылған елдегі бірден-бір мекеме. Жатақхана мен төрт мезгіл тамақ, білім беру курстары ұйымдастырылған. Балалар үшін 9 түрлі үйірме жұмыс істейді. Алдағы уақытта робототехника, айти-жобалар және шет тілдерін меңгеруге үйірмелерін ашу көзделген. Сондай-ақ, балаларға осы өңірдегі тарихи орындарға саяхатқа шығарады.

Қызылорда облысында балаларға арналған 9 лагерь болса, оның 7-еуі жыл бойы жұмыс істейді. Биыл облыс бойынша 140 мың баланы жазғы тынығу орындарымен қамту жоспарланған. Бұл - аймақтағы мектеп оқушыларының 97 пайызы.

Алдағы уақытта «Талдысу» лагеріне көрші облыстардың да оқушыларының келіп демалып, білімдерін жетілдіруіне жағдай жасалмақ.

 

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

Хабарламаларға жазылу