Сәтбаев және Жезқазғанда коворкинг орталықтары ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сәтбаев және Жезқазғанда коворкинг орталықтары ашылды

16.07.2018

Жаңа партиялық жобалар моноқалаларды дамытуға үлес қосуда. Сәтбаев және Жезқазғанда «нұротандықтардың» бастамасымен коворкинг орталықтары мен оқушыларға арналған тегін ІТ сыныптар ашылуда. Бүгінде жастар жаппай кітапханаларда ашылған заманауи орталықтарға тартылып, бағдарламалау тілін үйренуге құлшыныс танытуда. Сондай-ақ, «Цифрлы Қазақстан» және «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша да игілікті жұмыстар атқарылуда.

Бұл ғимараттың кезінде апатты жағдайда болғанына қазір ешкім сене қоймас. Жергілікті кәсіпкер Сәуле Шәуенова тозығы жеткен жатақхананы жөндеп, заманауи білім орталығына айналдырды.

Сәуле Шәуенова, кәсіпкер:

- Орталығымызда ІТ сынып, электронды кітапхана, коворкинг орталығы және тағы да басқа заманауи білім беру үйірмелері бар. Мысалы, ағылшын тілі клубында оқушыларға ағылшын тілін оқытып қана қоймай, олардың шет тілде бір-бірімен еркін пікір алмасуға арналған орындар бар. Балалардың кедергісіз білім алуына барлық жағдайды жасадық.

Қазір заманға лайық білім алып қана қоймай, сұранысқа ие мамандық таңдау қажет. Елімізде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын орындау үшін ІТ мамандары аса қажет. «Нұр Отан» партиясы осы бағытта да жаңа жобаларды іске асыруда. Қазіргі күні партияның бастамасымен барлық аймақтарда оқушыларға арналған тегін ІТ сыныптар ашылуда.

Евгений Аниченков, «Алгоритимка» командасының маманы:

- Қазіргі күні дәрігерлер адамның өмірін арашалап қалу үшін арнайы компьютерлерді, арнайы роботтарды жиі қолдана бастады. Көлік құрастыру, дизайн, адамның өміріне қажетті барлық салада, тіпті сәулет өнерінде де цифрлы жүйені қолданады. Сондықтан, ІТ саланы меңгерген бала ертең елінің дамуына үлкен үлес қоса алатынына сенімдімін.

Жалпы, партия бастамасымен ел көлемінде ашылып жатқан коворкинг орталықтардың берері мол.

Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

- Орталықтардың негізгі мақсаттарының бірі - жастардың әрі қарай өсуіне мүмкіндік беру. Осы орталықтарда жастарды тәрбиелеп, жаңа биіктерге шығаруға арналған мүмкіндіктер болуы керек.

Сондай-ақ, Мәулен Әшімбаев Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында цифрландыруға көшкен бірқатар өнеркәсіп орындарын аралады. Ұлытау өңірінде кәсіпкерлер цифрландыруды наубайханалардан бастап, тігін фабрикаларына дейін енгізген. Бүгінгі күні соның жемісін көруде.

 

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу