Қаз өсіру – тиімді кәсіп - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қаз өсіру – тиімді кәсіп

24.04.2014
Қаз өсіру – тиімді кәсіп
«Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы Шығыс Қазақстан облысының шалғай ауылдарында өз жемісін беріп жатыр.  Тарбағатай ауданының тұрғыны Нұрланбек Смағұлов  аталған жобаның арқасында қаз бен күркетауық өсіруді қолға алған болатын.
 
Қазір тірлігі түлеп, ісі ілгерілеп келеді. Адам денсаулығына пайдасы мол құс етіне сұраныс та мол. Сондықтан фермер кәсібін одан әрі кеңейтуді мақсат етіп отыр. 
 
Қаз өсіру – пайданың қайнар көзі. Ақсуат ауылының тұрғыны Нұрланбек Самғұловтың бұған көзі жете бастады. Ол былтырдан бері үй құстарын өсірумен кәсіби түрде айналысып жүр.
 
Мемлекет несие ретінде берген 1,5 миллион теңгеге қаздың 500 балапанын сатып алыпты. Оларды өсіріп, өткен қыс бойы қаз етін сатып шықты.
 
Нұрланбек Смағұлов, кәсіпкер:
Үкіметтің қолдауымен, «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасының арқасында кәсіпқой құр фермасы сияқты дамып келеміз. Бұйырса, биылдан бастап ферма боламыз. Қазды 2 мыңға, күркетауықты 1 мыңға жеткізсек.
 
Құс санын көбейтіп, осы кәсіппен мықтап айналысуға бел буған Нұрланбек Смағұловтың отбасы осы жылдың басында тағы несие алды.
 
Бұл қаражаттың басым бөлігі жылы қора салуға жұмсалады. Ілгері ұмтылғанға қазір мемлекеттің қолдауы мол. Қажет жағдайда инженерлік инфрақұрылымды да тегін тартып береді.
 
Қуаныш Қырықбаев, аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы:
Кәсіп ашқан адамдарға, көмек ретінде қайтарымсыз, бір жобаға 3 миллион теңгеге дейін беріледі. Нұрлан ағамызға 250 метрге жол тартуға жобалық-сметалық құжаттары дайын. Алла қаласы, биыл жасалады.
 
Іскер азамат құс санын биыл өз үйіндегі инкубатор арқылы көбейтуді көздеп жүр. Көп ұзамай балапандардың алғашқы легі жұмыртқаны жарып шыға бастайды. Кішкентай балапандарды күтіп баптау бұл істегі ең маңызды кезең болып саналады.
 
Майра Смағұлова, Ақсуат ауылының тұрғыны:
Алғаш жем бере бастаған кезі қиын болады. Одан соң, кішкене өскен соң, жайамыз, жұмысымыз жеңілдейді. 
 
Нұрланбек Смағұловтың отбасы құс шаруашылығын қалдықсыз технологияға негіздеген. Қаздың етін ғана өндірмей, оның мамығы мен майында саудалайды. 
 
 
Берік КӨШЕРБАЕВ

Хабарламаларға жазылу