Мемлекеттік қызмет көрсету саласында сыбайлас жемқорлыққа жол ашық - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекеттік қызмет көрсету саласында сыбайлас жемқорлыққа жол ашық

12.07.2018

Көпшілік елей бермегенімен, сондай тәуекелдерге жиі кездеседі. Арнайы агенттік мамандары жасырын түрде тексеріс жүргізіп, 100 мыңдай заң бұзу әрекетін анықтаған. Арнайы орган мәселені шешудің қандай жолын ұсынып отыр?

Мемлекеттік қызмет сапасы әлі сын көтермейді. Бұл салаға ерекше көңіл бөлініп, сан мың семинар өтсе де, түзелу орнына кері кетіп барады. Әсіресе, Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Білім және ғылым мен Ауыл шаруашылығы министрліктері. Ескертуді жылда естиді. Дегенмен, ведомство өкілдері дөңгелек үстелге келген. Кемшіліктерін естіді. Негізгілері – тегін қызмет түрлеріне ақы алу, артық құжат талап ету, арыз-шағымға мерзімінде жауап қатпау, жұмыс кестесінің сақталмауы. Тізе берсең, көп. Сонымен, бірінші жарты жылдықта азаматтарды себепсіз сенделтіп қойған 100 мыңға тарта заң бұзу әрекеті анықталды. Сөйтіп, 400-дей қызметші тәртіптік әрі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 103 лауазымды тұлға 207 хаттама арқалап, мемлекет есебіне 7,4 млн. тг. шығын өндірілді.

Ильдар Үйсімбаев, Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер департаментінің директоры:

- Көптеген құқықтық актілердің өзара қарама-қайшылықтары бар. Сол себепті, агенттік бірыңғай құқықтық акт жасауды ұсынды. Бұл қызмет алушы мен берушіге де жеңіл болар еді. Өйткені, кез келген өзгеріске оңай бейімделеді. Ал, қазір мемлекеттік қызмет көрсету заңы, стандарты, реттемесі, бәрі көрсетілген. Бірақ, адамды шатастырады. Сондықтан, жүйеленуі тиіс.

Әзірге әкімшілік пен тәртіптік жауапкершілік қызметкерлерді тезге салмай отыр. Бір күрсініп алып, ескі әдетіне қайта кірісіп кетеді. Ондайларға делдалдар да жақын жүреді. Міне, солар қағазбастылықтан басы қатқан халықтың құжатын келісімді ақысына рәсімдеп береді. Табысы жақсы. Күні бойы дәлізде жүріп, есік сығалап 100 мың теңге табады.

Төлеген Байғұлов, «Жемқорлыққа қарсы бірінші медиа орталық» РҚБ төрағасы:

- Ол жасырын түрдегі коррупция. Бұрыннан бері келе жатқан нәрсе. Бірақ, осымен нақты ешкім күреспеді. Біз жылдың аяғына дейін мұны 70-80% азайтуға сенімдіміз. 

Осы күні Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары да тергелуде. Сергей Хорошунның үстіне арыз түскен. Арызға сәйкес, Машуров «Тамыз Инвест групп» құрылыс компаниясының жетекшісі бола тұрып, Хорошунға қорғаншылық жасағаны үшін мүлік өткізген. Бұдан артық ақпарат берілмеді. Қалай болғанда да агенттіктің жұмысы бастан асады.

 

Нысаналы ЫҒЫЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу