Сырдарияның бойындағы ортағасырлық көне қаланы қазу кезінде мінәжат үйінің орны табылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сырдарияның бойындағы ортағасырлық көне қаланы қазу кезінде мінәжат үйінің орны табылды

05.07.2018

Ғалымдардың пайымдауынша, нысан Ахмет Ясауи кесенесіне ұқсас болуы керек. Сондай-ақ, археологиялық зерттеулердің нәтижесінде шаһардың  Алтын Орда мен Түркістан аумағында экономикасы дамыған аймақтармен тығыз қарым-қатынаста болғаны анықталды. Бірақ, қаланың атауы туралы нақты мәлімет жоқ. «Баршынкент», «Қыш қала», «Қыз қала» деп  әр жерде әр түрлі жазылған. 

Ақерке Берікбекқызы, тілші:

- Тарихи деректерге сүйенсек, қаланың атауын Алпамыс батырдың сүйген жары Гүлбаршынның есімімен байланыстырады. Көне шаһардың аумағы 50 гектар. Ең басты ерекшелігі, мұндағы барлық ғимараттар кезінде тек қышпен өрілген.

Ғасырлар бойы ішіне сыр бүккен көне шаһардың тарихын таңбалау үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлінді. Екі нысанның орны анықталды. Біріншісі - Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне ұқсас құрылыс, қаланың батыс бөлігінде орналасқан. Ал, екінші нысан - шаруашылық орталығы секілді. Екі ғимараттың да қабырғалары ою-өрнекпен көмкеріліп, күйдірілген қышпен безендірілген.   

Дөкей Төлеев, Ә.Марғұлан атындағы археологиялық институттың бас ғылыми қызметкері:

- Қаланы жергілікті қала тұрғындары бейбіт түрде белгісіз бір себеппен тастап кеткен. Барлық үйлер бос қалған секілді. Сонан кейін бос қалған ғимараттар табиғи әсерден үгітіліп, қирап, құлаған. Кесене де кезінде құлаған.

Құлаған қабырға аршылып жатыр. Қыш сынықтары, әйнек, сондай-ақ, тиын және моншақ үзінділері табылды. Бірақ, қазба тереңдеген сайын ыдыс сынықтары сирей бастайды. 

Мадияр Елеуов, «Археолог» халықаралық ғылыми-зерттеу орталығының директоры:

- Осы төңіректе бұдан басқа да ондаған қала болған. Бірақ, олардың көбісі есепке алынбаған. Бұл қала соның төңірегі, әлі талай зерттелуі керек. Сонда ғана біз ғылыми негізде қаланың атын айтуымыз мүмкін. 

Ұлы Жібек жолы бойында орын тепкен шаһарда 10-11 ғасырларда тіршілік қайнаған. Бірақ, онан кейін қала туралы мүлдем мәлімет жоқ. Сондықтан,  әзірге Баршынкент халық арасында Қыш қала атанған. Көне қала зерттеушілер үшін беймәлім мекен болып тұр.   

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу