Алматыда қалааралық автобустар бақылауға алынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда қалааралық автобустар бақылауға алынды

04.07.2018

Алматы қоғамдық кеңесінің мүшелері қалааралық автобустарды қатаң бақылауға алды. Олар тасымалдаушылардың арасындағы тартысты шешуге кірісті. Өйткені, арнайы автобекеттер емес, базардың қасынан адам жинап, тәртіпке бағынбайтын қоғамдық көлік жүргізушілерінің кесірінен жол апаты азаймай тұр. «Себебі, жүргізушілер көп жағдайда автобустардың техникалық қауіпсіздігін ескермейді», - дейді мамандар.

Бүгінде Алматының 4 базарынан қалааралық автобустар жан-жаққа қатынайды. «Барлық», «Арлан», «Болашақ» және «Қазынаның» көлік тұрақтары автобустан босамайды. Ал, мұнда кірмейтін кейбір жүргізушілер тіпті көшенің бойынан жолаушылар жинай береді.

Манана Мырзаходжаева, тасымалдаушы:

- Не үшін автобустар жолдың бойында тұрады? Бұл жерде тұруға оларға тұрақтауға рұқсат етілмеген, бірақ, оларға ешкім қарамайды.

Тасымалдаушылардың базар жағалауының басты себебі - мұнда халық көп. Жолаушылардан бөлек, автобусқа жүк тиеуге де ыңғайлы.

Фархад, жүргізуші :

- Автовокзал өзінің процентін алады. Енді бізге жай жұмысшы ретінде тиімді ғой.

«Кәсіппен нәсіп тауып жүр» десек те, бір жүргізушінің қолында 40-50 жолаушының тағдыры бар. Мәселен, екі күн бұрын Жамбыл облысында ірі жол апаты болып, 1 адам қаза тапты. 8 адам жарақат алған. Ал, зардап шеккен жандардың туыстарының бірі көлік тізгінінде жүргізуші емес, басқа адам болғандығын айтады.

Ербол Айтанов, қала тұрғыны:

-  Жүргізуші болмаған. Ол жерде ақша жинап жүретін кісі отырған. ол 40-пен бұрылатын жерден 100-бен бұрылып кеткен.

Бұл азамат қазір аурухана жағалап жүр. Тіпті, келтірілгеннің шығынның өтеуін кімнен сұрарын да білмейді. Ал, қалалық қоғамдық кеңестің мүшелері тасымалдаушыларға талапты күшейтіп, жауапкершілігін арттыру керектігін алға тартты.

Нұрлан Жазылбеков, Қалалық қоғамдық кеңестің автовокзалдармен жұмыс істеу тобының жетекшісі:

- Автобекеттер басшыларының жауапкершіліктерін заңды түрде күшейту керек. 50 адамның өмірі бір адамның қолында болып тұр. Ол жауапкершіліксіз рөлге отырып, сол тасымалдан пайда табамын дейді.

Бұл мәселеге қатысты автобекеттер мен тұрақтар арасындағы тартыстан әбден қажыған тасымалдаушылардың да айтарлары бар.

Роза Құралбаева, тасымалдаушы:

- Анау базар өзіне тартады, келесі базар өзіне тартады. Сол себептен,  1998 жылдан бері қарай жұмыс істеп келе жатырмын. Әлі бұл мәселенің шешімі қаралмаған. Егер де заңды түрде бір жерден шығып автобустың бәрі, бір басшы болып, сондай тәртіп болатын болса, бұл мәселе шешілетін сияқты.

Қалааралық автобустар арасындағы ушыққан мәселені көрген қоғамдық кеңес мүшелері енді жұмысқа шындап кіріспекші. Олар тасымалдаушыларды тәртіпке салу үшін нақты талаптар мен ұсыныстарды құзырлы органдарға жолдаймыз, деп отыр.

 

Аманкелді СЕЙТХАН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу