ШҚО-да оқушылар Берел қорғандарын көріп қайтты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да оқушылар Берел қорғандарын көріп қайтты

29.06.2018

Шығыс Қазақстан облысында жылдан-жылға археологиялық туризм дамып, саяхатшылар қатары артып келеді. Соңғы 5 жылда тарихы бай, қойнауы құпияға толы өңірге келушілер саны 10 есеге көбейген. Мәселен, тек бір ғана Қатон-Қарағай ауданындағы Берел қорғандарында археологиялық қазба жұмыстары үздіксіз жүргізіледі.Ал, әйгілі «Патшалар алаңы» деп аталатын жазықта аспан астында ашық мұражай бар.

Берел қорымында 100-ден астам тарихи ескерткіш бар. Соңғы 20 жылда археологтар олардың 30-дан астамын зерттеген. Олардың ішінен көне және ортағасырлық тарихымыздан мол мағлұмат беретін құнды жәдігерлер табылды.

Зейнолла Самашев, археолог, тарих ғылымдарының докторы:

- Біздің көне тарихымызды зерттеу үшін керекті тың материалдар алынды. Солардың ішінде былтыр қазған бесінші қорған деген болды. Сонда бір жас әйел адамның киімдері мен бас киімінің қалдықтары сақталып қалыпты.

Берел өңірінде мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайы да жасақталған. Ол ашылғалы бері мұнда талай саяхатшы келіп, Берел қорғандары туралы ақпаратқа қанығып қайтты. Екі жыл бұрын аспан астындағы мұражай да ашылды. Қазір бұл жаққа арнайы экскурсиямен келетін қонақтар көп.

Ерболат Мұхамед, 10-сынып оқушысы:

- Маған табылған 13 аттың денесі қалай сақталғаны өте қызықтырды және осы аттардың абзелдері, қыш ыдыстардың өте берік жасалғаны, сонау заманнан бері бұзылмай сақталып қалғаны таңқаларлықтай әсер берді.

Ерболат Мұхаммед - жас ғалым. «Менің Отаным - Қазақстан» облыстық слеті аясында туған өлкенің тарихи жерлерін аралауға мүмкіндік алған. Археологтар мен мұражай қызметкерлері де жас зерттеушілердің ғылыми жобаларына тың материал ұсынудан жалыққан емес.

Жәния Сегізбаева, «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражай қызметкері:

- Биылғы маусым өте жақсы басталып келеді. Адам саны өте көп, қызығушылық жоғары. Қазір жәдігерлеріміз де көбейіп жатыр. Музейдегі заттардың бәрі түпнұсқалар.

Өңірлік ғылыми-практикалық «Дарын» орталығының ұйымдастыруымен оқушылар слеті биыл екінші рет өтіп отыр. Шараға былтыр қатысқан балалар да келген. Ал, осыдан екі жыл бұрын Шығыс Қазақстанда археологияны дамытудың өңірлік жоспары бекітіліп, 100 миллион теңге бөлінді.

 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу