Бүгін - нашақорлықпен күрес күні

26.06.2018

Жер шары тұрғындарының 5 пайызы өз өмірінде бір рет болсын нашаның дәмін татып көрген. Ал, тұрақты түрде анаша тұтынатындардың саны 200 млн-нан асады екен. Бұл мәліметті БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының Қазақстандағы кеңсесінің басшысы Сигне Ротберга халықаралық нашақорлықпен күрес күніне арналған көрме кезінде жария етті. Шараға кезінде нашақор болған, бүгінгі таңда тәуелділіктен айыққан отандастарымыздың суреті қойылған.

Ел арасында «бұрынғы нашақор болмайды» деген тәмсіл бар. Маржан Жүнісова бұл тәмсілді жоққа шығарған қайсар жан. Ол 15 жасында Алматының көп қабатты үйлерінің жертөлесінде алғаш есірткіні егіп көреді. Өз қалауы емес. Болашақ жары мен үзеңгілес достарының үгітіне ерген. Содан кейінгі 25 жыл өмірінде 7 рет түрмеге отырып, екі рет күйеуге шығады.

Маржан Жүнісова:

- Әке-шешем шаршады. Ұлымды да зонада таптым. 4-5 ай сайын түрмеге отырып тұрдым.

Маржан екі жылдан бері метадондық емге иек артқан. Ол күн сайын орталыққа барып, сироп ішеді. Сол сироптан кейін нашаға деген ынтасы сап тыйылады. Ал, метадон ішпесе, бұрынғы қалпына қайта келеді. Соңғы кезде елімізде бұл бағдарламаны жабу жайлы жиі айтылып жүр.

Сигне Ротберга, БҰҰ Қазақстандағы кеңсе басшысы:

- Орташа есеппен, бір емделушіге жыл сайын 200 мың теңге жұмсалады. Бұл ақшаның ішіне күнделікті тұтынатын метадон сиропы мен дәрігерлерге кететін шығын сыйып тұр. Бұл стационарлық емнен бірнеше есе арзан.

Нашақорларды метадонмен емдеу тәсілінен Жер бетінде бас тартқан бір мемлекет бар. Ол - Өзбекстан. Ал, Маржан метадонсыз күніміз қараң дейді.

Маржан Жүнісова:

- Ештеңе болмайды. Өзіңді сау адам сияқты сезінесің. Өткен өміріңді еске аласың.

1987 жылы БҰҰ Бас ассамблеясында 26 маусым Нашақорлықпен күрес күні ретінде ресми бекіді. Мұның астарында нашаның заңсыз таралымына тосқауыл қою, індеттің алдын алу жатыр.

 

Ғабит БӨКЕНБАЙ

 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу