Алматыда «Qazaqstan Fighter» және «Men Qazaqpyn» жобаларының іріктеу кезеңдері өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда «Qazaqstan Fighter» және «Men Qazaqpyn» жобаларының іріктеу кезеңдері өтті

22.06.2018

Алматыда «Qazaqstan» телерадиокорпорациясы ұсынған жаңа «Qazaqstan Fighter» реалити-шоуының іріктеу кезеңі өтіп жатыр. Оған үміткерлер тарапынан 1 мыңнан астам өтініш түсіп, оның 106-сы қабылданған.  Енді сол топ жарғандардың ішінен сайдың тасындай суырылып шыққан 16 жас спортшы таңдалады. Ал, финалға жеткен жеңімпазға 5 миллион теңге сыйақы мен «Qazaqstan Fighter» арнайы белбеу бұйырмақ. Сондай-ақ, арнамызда алғашқы маусымнан-ақ қалың көрерменнің сүйіспеншілігіне бөленген «Men Qazaqpyn» мегажобасы да жалғасады. Қазір халықаралық жобаның да іріктеу рәсімі өтіп жатыр.

«Qazaqstan Fighter» - жекпе-жек өнерін ұлықтаған жаңа жоба. Бұл идея біраз уақыт кеңінен талқыға түсіп, жан-жақты сарапталды. Корпорация басшысы Ерлан Қарин шығармашылық топпен бірлесіп, реалити-шоудың айна-қатесіз дүниеге келуіне аса мән берген. Ал, бағдарлама халықтың қызығушылығына сай. Себебі, аз уақытта елдің әр қиырынан түскен өтініштердің көптігі осыған дәлел.

Ерлан Қарин, «Qazaqstan» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы:

- Бұл жобаның негізгі мақсаты -  елімізде спортпен шұғылдануды насихаттау, соның ішінде жекпе-жек өнерін кеңірек насихаттау. Өздеріңіз де білесіздер, елімізде жекпе-жек өнерінің жанкүйерлері өте көп. Аудитория кеңейіп келе жатыр. Сондықтан, көрермендердің сұраныстарына сәйкес біздер осы жобаны әдейі ұйымдастырып отырмыз.

Жаңа есімдерді ашуға арналған жоба үміткерлерінің жасы 18-ден басталады. Салмақтары да әр түрлі.  Кастингке қатысуға келген жас спортшылардың барлығында аралас күрес өнерінен тәжірибелері бар. Шығармашылық топ олардың тек күресу шеберлігіне емес, сауаттылығына да аса мән берілетіндігін айтты. Ал, жеңімпаздарды бағалайтын елге танымал спортшылар.

Мамандардың пікірінше, елімізге мұндай жоба керек-ақ. Себебі, арманын іске асыруға мүмкіндік таппай жүрген жастар аз емес. «Сондықтан, осы жоба оларға қанат бітіріп, серпін береді», - дейді белді спортшылар.

Данияр Қасқарауов, «ALASH PRIDE» күрес клубының президенті:  

- Осы жоба арқылы оларға өте үлкен мүмкіндік беріліп тұр. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 100-ден астам спортшылардың ішінен 2-3 күннің ішінде 16 спортшы қалса, жеңімпаз жылдың аяғында анықталатын болады.

Жекпе-жек өнерін өрлетуге ден қойған «Qazaqstan» корпорациясы былтыр әр аймақтан дәстүрлі әнші-термеші, күйшілерді дәріптеген жобаны сәтті іске асырды. Ұлттық асыл мұраны ұлықтаған «Men Qazaqpyn» жобасының ендігі маусымы ерекшеліктерге толы болмақ. Өткен жылы мегажобаға 700-ден астам адам қатысып, телевизиялық форматта 57-сі өнер көрсеткен. Ал, биыл үміткерлер тарапынан сұраныс әлдеқайда көп.

Талғат Абуғазы, дәстүрлі әнші:

- «Men Qazaqpyn» телевизиялық жобасы ұлттық өнерді кейінгі ұрпаққа насихаттайтын үлкен жоба деп есептеймін. Сондықтан, бұл жоба конкурс ретінде жастарға өте керек.

Биыл іріктеу облыстарда ғана емес, Қазақстанның 197 елді мекендерінде өтті. Күміс көмей домбыраны күмбірлеткен, әсем әнді төгілте салған, термені тегеурінімен тебіренкен өнерпаздар аз емес. Сондықтан, әр өңірден 1 күйші, 1 термеші және 1 әншіден таңдалды. Ал, аудандық іріктеуден өткен өнерпаз саны 1500-нан асады. Дараланып, облыстық байқауға жолдама алғандар - 407. Алматыдан 50-ге жуық өтініш түскен. Іріктелгені - 30 адам.

Қуаныш Сұлтан, «Men Qazaqpyn» жобасының авторы:

- Негізгі діттеген мақсат - осы қазақтың өнерін, дәстүрін бұдан да тереңірек насихаттау. Кейінгі уақытта қалыс қалып келе жатқан қазақтың ән, терме, күй жанрын қазіргі заманауи үлгіде үлкен сахнаға шығарып, әлемдік деңгейдегі бір тамаша жоба шығару болатын.

Ұлттық өнерді насихаттап, сынға түсетін кіл мықтыларды өнер әлемінің жүйріктері Жарқын Шәкәрім, Нұржан Жанпейісов сынды майталмандар бағалайды.

Лаура ҚУАНЫШҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу