Несіпбек Түстікбаев: Отбасы мүшелерінің бір салада еңбек етуі өзара түсіністікті арттырады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Несіпбек Түстікбаев: Отбасы мүшелерінің бір салада еңбек етуі өзара түсіністікті арттырады

22.06.2018

Талдықорғанда полиция қызметкерлерінің үлкен әулеті тұрып жатыр. Несіпбек Түстікбаев ішкі істер саласына 35 жылын арнаған зейнеткер. Әке жолын қуған ұлы да жергілікті полиция қызметін басқарады. Келіні мен немересі де полиция формасын киіп, қоғамдық тәртіпті сақтауға үлес қосып келеді.

Шынар Әбілхамитова жедел басқару орталығының операторы. Күнделікті қаладағы бейнекамераларды қарап, заң бұзу деректерін анықтап отырады. Ал, жолдасы Марат Әбілхамитов Жергілікті полиция қызметі шығыс бөлімінің басшысы. Шынар анықтаған заң бұзу фактілері бойынша қарамағындағы қызметкерлерге нұсқау беріп, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді. Ішкі істер саласында қызмет еткеніне ширек ғасырға жуықтады.

Марат Әбілхамитов, Жергілікті полиция қызметінің бөлім басшысы:

- Мектеп бітіргенде әкемнің жолын қуып ішкі істер департаментінің қызметкері боламын деп алдыма мақсат қойғанмын.

Марат пен Шынар жұмыстан кейін балаларымен бірге үлкен шаңыраққа бет алады. Бұл жерде әулеттің үлкен полицейі тұрып жатыр. Несіпбек Әбілхамитұлы ұзақ жылдар аудандық ішкі істер бөлімін басқарды. «Отбасы мүшелерінің бір салада еңбек етуі өзара түсіністікті арттырады», - дейді шаңырақ иесі.

Отбасының кенжесі биыл оқуын тәмамдайды.  Ол да құқық қорғау саласына қызығушылық танытып жүр. Демек, іргелі әулет тағы бір полиция қызметкерімен толығады.

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу