Шырайлы шаһар - Шымкент - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шырайлы шаһар - Шымкент

20.06.2018

«Өмір бір рет қана беріледі. Ал, сол өмірді Шымкентте сүру керек». Әзіл-шыны аралас бұл сөзді еліміздің оңтүстігінде тұратын миллиондаған отандасымыз бірауыздан қолдайтыны шындық. Тарихи деректерге сай, Шымкент атауы 11-12 ғасырдағы құжаттарда кездеседі. Алайда, археологтар қаланың негізі біздің дәуірімізге дейінгі 2-ғасырда қаланған дейді.

«Жасыл қала», «Шыммен қоршалған шаһар», «Гүлденген алқап». Шымкент этнонимі осындай мағына береді. Бұл белгілі тарихшы Амангелді Қашқымбаевтың пікірі.

Шымкент өз атауынан айырылып қалған кездер де болған. 1914 жылы Шымкентке орыс генералы Черняевтің есімі берілді. Жеті жылдан соң, жергілікті атқа мінерлердің белсенділігі қалаға Шымкент атауын қайтарып берді. Осыдан жүз жыл бұрынғы деректерге сүйенсек, 3 май шайқайтын, 5 тері илейтін, 15 кірпіш шығаратын, 26 диірмен, 4 мақта тазалайтын өнеркәсіп орындары болған.

XX ғасырдың ортасына қарай қала қайта түледі. Шымкентте жаңа өндіріс орындары салынып, оқу орындары мен ғылым-мәдени ошақтар ашылды. Жаңа тұрғын үйлер, гүлзар, көшелер мен саябақтар Шымкенттің шырайын аша түсті.

Адам саны 1 млн-нан астам. Шағын және орта бизнеспен шұғылданатын субъекттер саны 57 мыңнан асып кеткен. Ал, биылғы жылдың бес айында 190 мыңнан артық шаршы метр ел игілігіне берілді. Орташа жалақы 110 мыңға тақау.

Мархабат Байғұт, жазушы:

- Шымкент шаһары қай жағынан да көркейеді, өседі. Өзінің индустриалдық аймағы бар. Жаңадан өндіріс орындары ашылып жатыр.

Шымкент бүгінде ірі мегаполис. Жергілікті халықтың еңбекқорлығы мен төзімділігі көпке үлгі. Қандай жаңашылдықтың осы қаладан бастау алып жататыны баршаға аян. Міне, осыдан болар біздің қоғамда «не шықса да, Шымкенттен шығады» деген қанатты сөз қалыптасты.

 

Ғабит БӨКЕНБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу