2035 жылға қарай өндірістің үштен бірі автоматтандырылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2035 жылға қарай өндірістің үштен бірі автоматтандырылады

20.06.2018

Демек, қол күшіне сенген жұмысшылар қатары қысқарады деген сөз. Мемлекет оларды қайта оқытып, жаңа қызметтерге орнықтыруға қам-қарекет қылып жатыр. Бірақ, жастар жаңа технологияның тілін беске білуі тиіс. Сол үшін биылғы білім гранты басқа мамандықтарға қарағанда ақпараттық жүйеге көптеп бөлінді. Яғни, еңбек нарығында ІТ саласына негізделген кәсіп түрлері сұранысқа ие болады.

Мәди мектеп бітіруші. Келешекте кім болатынын ешкімнің көмегінсіз өзі шешті. Ата-анасы таңдауына қарсылық танытпады. Сенім білдіріп, тілеуін тілеп отыр. Ол 4 күннен кейін Ұлттық бірыңғай тест тапсырады.

Мәди Садық, түлек:

- Жыл басында мен физика пәнінің мұғалімі боламын деп үміттенгенмін. Бірақ, жылдың ортасына қарай қазіргі заманға сай мамандық таңдау керек екенін түсіндім. Сондықтан, ақпараттық жүйелер саласына баруды үміттеніп жүрмін. Оның ішінде қаржы саласында банктік қорғаныс, ақпараттық қорғанысы сондай салаға барамын деп жүрмін.

Демек, Мәди секілді түлкі заманды тазы болып шалуды үйрен. Сонда шыңдаласың, әйтпесе құр қаласың. Өмірімізге етене ене бастаған жаңа технологиялардың талабы осы. Сарапшылар «2035 жылға қарай өндірістің үштен бірі автоматтандырылады», - дейді. Ал, бүгінде елдегі жұмыс берушілердің 16%-ы өнеркәсіп секторын, тағы 13%-ы ақпараттандыру мен байланыс бағытын цифрландыруды көздеп отыр. Келешекте тау-кен өнеркәсібі, денсаулық сақтау және ауыл шаруашылығы салаларында қол күші кемиді.  

Нұржан Әлтаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары:

- Біраз мамандықтар қысқаратын болады. 2025 жылға дейін 400 мыңдай жұмыс орны азаятын болады. Бірақ, бұдан қорқудың ешқандай қажеттілігі жоқ. Өйткені, басқа салаларда 900 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары пайда болады.

Біразына тоқталсақ. Туризм бойынша 235 мың, ал, бөлшек әрі көтерме сауда саласында 220 мыңға жуық, тағы көлік және логистика бағытында 200 мыңдай жаңа қызмет орны пайда болады. Барлығы да ақпараттық технологияға негізделген. Мәди соған мән берді. Енді есіл-дерті тестен сәтті өтіп, университетке түсу.   

Ал, жоғары оқу орнына түсе алмағандар түңілмесін. 2022 жылға қарай орта дәрежелі мамандарға сұраныс 10%-ға дейін артады. Яғни, көбіне елеусіз қалдыратын кәсіп түрлері негізінде тұрақты табыс түсіреді. Сол себепті, мал дәрігері, дәнекерлеуші, краншы және жөндеуші болудан қашпаңыз. Керісінше, қол жетпейтінді армандағанша, қолдан келетінді істеп зейнетін көрген абзал.

 

Нысаналы ЫҒЫЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу