Ақтөбеде «Бір түп алма ағашы» фильмі түсіріле бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде «Бір түп алма ағашы» фильмі түсіріле бастады

20.06.2018

Ақтөбеде тұңғыш рет «Бір түп алма ағашы» көркем фильмінің түсірілімі басталды. Туынды «Qazaqstan» Ұлттық арнасының тапсырмасы бойынша түсіріліп жатыр. Отандық кинематография қорын толтыру мақсатында облыстық арналарға жүктелген тапсырманы алғаш болып Ақтөбе телеарнасы қолға алды.

Фильм драматург Әлімбек Оразбековтің «Бір түп алма ағашы» психологиялық драмасының желісіне негізделген. Науқас ұлымен ауылда қалған ананың тауқыметі, қалада тұратын ұл-қыздарының мейірімсіздігі – шығарманың өзегі. Өскен өлкесі мен шаңырағына жат болып, ата-ана алдында перзенттік парызын ұмытқан кейіпкерлер рөлі көрерменге көп ой салары анық. Қазір фильмнің үшінші сценасы түсіріліп жатыр. Басты рөлдерді Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театр әртістері ойнайды.

Фильмді түсіруге елімізге танымал режиссер Марат Телеуов және ақтөбелік Азамат Айнағұлов шақырылды. Кино түсіріліміне қажет бір түп алма ағашы өскен бақты іздеп табу да оңайға түспеген. Көркем фильм алаңы да, бақ та Қобда ауданы Әлия ауылынан таңдалып алынды. Бір түп алма ағашы өсіп тұрған бақ - осы елді мекеннің тұрғыны Орман Үдербаевтың ауласы. 

Азамат Айнағұлов, «Бір түп алма ағашы» көркем фильмінің режиссері:

- Ұзақтығы 90 минут болатын көркем фильм қыркүйек айында телекөрерменге жол тартпақ. 

 

Жұлдыз АЛМАСҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу