«Домбыра Party»-ге шақырамыз! - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Домбыра Party»-ге шақырамыз!

18.06.2018

Елорда төрінде апта сайын өтетін өнерсүйер қауымның басқосуына арнайы шақырту керек емес. Ұйымдастырушылар ең алдымен ниет, одан кейін домбыра болса жеткілікті дейді. Игі шара 2012 жылдан бері өтіп келеді. Бір топ жігіттің бастамасы халықаралық деңгейге дейін жетті. Қазақстанның шеңберінен асып, Моңғолия, Ресей, Қырғызстандағы қандастарымыз домбыра шеруіне өз үнін қосқан.

«Нағыз Қазақ - қазақ емес, нағыз қазақ - домбыра». Бүтін ұлттың үнін бойына сіңірген домбыра жайлы Қадыр Мырзәліден асып сипаттай алған ақын кемде кем. Күмбірлеген күй, әуелеген ән де Қазақ пен Қазақтың Астанасына жарасып-ақ тұр.

Маралбек Сағынғанов, «Домбыра Party» ұйымдастырушысы:

- Кішкентай балалар домбыраның үнін естіп тоқтап қалады. Ол бір бойында сақталған гендік код па? Нақты білмедім. Тіпті әке-шешелерін мәжбүрлеп тыңдатып қояды.

«Домбыра Party». Бұл қазақы ән мен күйге құштар жандардың бас қосатын мекені. Аспаны қандай болса, өтетін орны да сондай. Кең, мол. Арнайы өнерпаздар да шақыртылмайды. Әу дейтін адам табылса сахна да, тыңдарман да дайын.

 Айым Шұқжанова, қала тұрғыны:

- Не көп музыка көп. Ютубтан да. Ал, осы жерге келсең, қалада тұрып жатсаң да қазақтың өнерін бағалайтын азаматтар да бар екенін білемін. Рухани ләззат алу үшін келемін.

Шілденің бірінші жексенбісі «Ұлттық домбыра күні» деп бекіді. Бәзбіреулер бұл домбыра емес, қазақы үннің Ұлттық күні деп жүр. Іштей, бұл «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бағындырған бір белес деп бағаладық.

Берік Қасенов, қала тұрғыны:

- Арнайы келгенім жоқ. Көлігіммен кетіп бара жатып, тоқтадым. Күні бойы клавиатурада отырған адам, шаршауы шығып демалып қаласың. Қазіргі тілмен айтқанда релакс.

«Домбыра Party» кеш батқанға дейін созылды. Солғын тартқан көңіл жадырап, жиналғандар рухани қуат алып қайтты. Ұйымдастырушылар басқосу әр бейсенбі дәстүрлі түрде өтіп тұрады деп, уәде берді. 

 

Ғабит БӨКЕНБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу