Маңғыстау облысының бірнеше елді мекенінде жарық жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстау облысының бірнеше елді мекенінде жарық жоқ

15.06.2018

Маңғыстау облысының Қарақия, Түпқараған аудандары мен Жаңаөзен қаласында жүздеген тұрғын бірнеше күннен бері жарықсыз отыр. Тұрғын үйлер ғана емес, бірқатар әлеуметтік нысандар да аптап ыстықта электр энергиясынан ажыратылған. Жауапты мекеме «тұрғындар қарызын қайтармаған соң, жарықты қиюдан басқа амалымыз қалмады», - дейді.

Электр жарығынан айырғалы елдің берекесі қашты. Ми қайнатар ыстықта я тоңазытқыш, я салқындатқыш істемейді. Әсіресе, азық-түлік сақтау қиынға соғуда. Сондықтан, тұрғындар жұқпалы ішек ауруы тарала ма деп қауіптенеді.

Бақтылы Байжанова, ауыл тұрғыны:

-Тамағымыз ашып жатыр. Балаларымыз ашыған сүт ішіп жатыр. Бұл не деген масқара?! Біздің қандай кінәміз бар?!

Эльмира Жанғалиева, ауыл тұрғыны:

- Аристон болған соң айына 7000 теңге шығады. Бірақ, ай сайын төлеп тұрамыз. Біреудің қарызының бізге қатысы жоқ. Ақшасын төлемесе, жеке-жеке барып қисын.

Электр тоғы өшкелі дүкені бар кәсіпкерлер шығынға батуда. Зоя Алдашева «бірнеше күннен бері сауда жүрмей қойды», - дейді. Тез бұзылатын өнімнің бәрі жарамсыз болып қалған. Өйткені, тоңазытқыш та істен шығыпты. Кәсіпкер «жарыққа берешегім жоқ, босқа шығынға баттым», - дейді.

Ауылдағы балабақшада да жарық жоқ. Аспаздар жұмысқа таңмен таласа келеді. Себебі, салқынмен ас әзірлеп қоймаса, күн ысып кетеді.

Балабақша аспазы:

- Таңғы 9:30-ға дейін бәрін пісіріп үлгеруіміз керек. Әйтпесе, ашып кетеді.  Кеше де бөлкелеріміз далаға кетті.

Жетібайлықтар мәселенің мәнісін түсінбей әлек. Қарыздың көбейгенінен бе, әлде энергия үнемдеудің жолы ма, ол жағы мәлім емес. «Ешкім ештеңені ескертпеді», - дейді. Тұрғындарды әуреге салған «Тұрмыс-Сервис» коммуналдық мекемесі журналистерді маңына жолатпады.

Тек Қарақия ауданы емес, Жаңаөзен қаласы мен Түпқараған ауданында жарықсыз отырған тұрғындар көп. Облыстағы жалғыз энергокомбинаттың өз уәжі бар. Маңғыстаудағы бес аудан, екі қаланың борышы 2 млрд. теңгеден асып кеткен. Қыстың қамын жазда ойлаған компания құрал-жабдықтарды да жаңартқысы келеді. Алайда, жұрт борышын қайтаруға асығар емес. 

Қолғанат Нұржаубайұлы, «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС бас директорының кеңесшісі:

- Әрқайсысына кесте бекітіп, бөліп-бөліп төлеу жөнінде де ұсыныстар берілді. Бірақ, нәтиже жоқ.

Облыстағы бір ғана Жаңаөзен қаласының жарыққа берешегі 1 млрд. теңгеге жуық, Мұнайлы ауданы тұрғындарының қарызы 500 млн. теңге жеткен. Соған қарамастан елді мекендерге электр энергиясы шектеумен болса да, қайта қосылды. Тұрғындар қарызын өтемейінше, жарық толық берілмейді.    

Айсара АЙТМАН

Хабарламаларға жазылу