Гемофилияға қарсы дәрі-дәрмек жетіспейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Гемофилияға қарсы дәрі-дәрмек жетіспейді

13.06.2018

Гемофилияға шалдыққан науқастардың ем алу құқығы бұзылып отыр. Алматыда бас қосқан «Гемофилияға шалдыққан мүгедектер» қауымдастығының мүшелері осылай деп дабыл қақты. Олардың айтуынша, 1200-ден астам науқас қажетті дәрі-дәрмектерін әлі күнге дейін алмаған. Соның салдарынан, жыл басынан бері 3 адам қайтыс болған. Ал, салалық министрлік тарапынан бұған қатысты ешқандай шара қолданылмаған.

Шымкенттік Лола Гуржиоглының немересі туғаннан гемофилия дертімен ауырады. 6 жастан асса да, аяғын баса алмайтын баланы үнемі көтеріп жүреді. 2014 жылдан бері Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен түрлі дәрілерді қолданып көрген. Бірақ, алты айдан бері оны да алмапты.

Лола Гуржиоглы,  Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны:

- Дәріні күніге екі реттен салу керек. Бізде дәрі болмағандықтан, оны үнемдеп салып отырмыз.

Елімізде қазір гемофилияға шалдыққан 444 бала мен 841 ересек науқас бар. Оларды «Ешқашан дәрісіз қалдыруға болмайды», - дейді мамандар. Бірақ, былтыр дәрімен қамтамасыз ету шарасы уақытылы орындалмағандықтан, аурудың асқыну фактілері жиілеген.

Тамара Рыбалова, «Гемофилияға шалдыққан науқастар» қауымдастығының президенті:

- Гемофилияны емдеу қазір дүниежүзінде жолға қойылған. Тіпті, Кот-д’Ивуар сияқты Африка елдерінің өзінде арнайы орталықтар бар. Бір ғана Лондонның өзінде 15 орталық жұмыс істесе, АҚШ-та 100-ден асады. Көршілес Ресей мен Өзбекстан, Грузияда да ашылған. Ал, бізде орталық тұрмақ, жыл сайын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жұмысы жүйеленбеген.

Жыл ортасы болса да, дәрілердің неге тұрақты жеткізілмегендігін білмекке Денсаулық сақтау министрлігіне хабарластық. Бірақ, ведомство өкілдері жауап заң бойынша алдағы үш күннің ішінде берілетіндігін айтты. Ал, ата-аналар министрліктен алдағы жылға арналған дәрілерді сатып алуды қазірден бастауын сұрайды. Әйтпесе, керекті дәрінің табылмауынан келер жылы да жапа шегеміз бе деп алаңдап отыр.

Амангелді СЕЙІТХАН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу